Шымкентті жасыл желекпен көмкеру ісі жыл санап қарқын ала бастағаны белгілі. Алайда, көшеттері қайдан алынады деген сауал көптің көкейінде жүрсе керек. Сауалға жауап іздесек ОҚО-да осы іспен бүгінде тоғыз мекеме айналысады екен. Ал сондағы көшеттердің 70%-ын Қазығұрт ауданындағы «Жасыл желек» мекемесі өсіреді. Тұқымбақта бүгінгі күні 40 түрлі жас өскін түрі күтіп-бапталады.
Негізінен, Шымкентті жасыл желекпен көмкеруге жыл сайын 1,5 млн. көшет тұқымы отырғызылады екен. Бұл облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен болып отырған іс. «Жасыл желек» мемлекеттік мекемесі 2005 жылдан бастап өз алдына отау құрып, жұмыс істеп келе жатқан тұқымбақ. Мұнда өсірілетін 40 түрлі көшет «Қылқан жапырақтылар» мен «сәндік көшеттері», «бұталар мен жеміс-жидек» һәм «жаңғақ тұқымды жемістер» болып беске бөлінеді.
Тұқымбаққа алғаш кіргендер өзге бір әлемге тап болғандай күй кешеді. Бір қарағанда қарапайым ғана жасыл желек деп қабылдайтын ағаштарды мамандар атын атап, түсін түстеп бергенде ғана айырмашылығын байқайсың. Тұқымды өндірудің алғашқы сатысы кәдуілгідей. Дәнді етінен ажыратып, жуып кептіруге жіберілген соң, жерге егіледі. Одан шыққан қаламшаларды көктемде қайта отырғызып, жас өскіндер плантацияда жайқалады.
Осы салада 34 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан мекеме басшысы Мұрсейіт Мейірқұлов көшетті баптаудың әлегі көп екенін айтады. Келесі машақаттың бірі-еткен еңбекті зи-янкестерден қорғау. Жапырақты сақтаудың қыр-сырын осындағы өз ісінің білгірі Әбдіуәхап Әліқұлов жақсы біледі. Маманның айтуынша, зиянкеске тез бой алдыратын көшет ― ол ақтерек ағашы екен. «Жасыл желек» мекемесі шырайлы Шымкенттің жасыл белдеуін қалыптастыруға былтыр 485 мың түп көшет берсе, биылғы көшет отырғызу маусымына 800 мың дана жас өскін дайындап отыр. Шымкенттен бөлек, бұл мекемеден Сарыағаш, Төлеби, Қазығұрт аудандарының әкімшіліктері де көшет сатып алады.
Көрші облыстар Тараз, Қызылорда, Маңғыстаудағы мекемелер де осы тұқымбақтың көшеттеріне үйір көрінеді. Өйткені, мұнда өндірілетін тал-дарақтар жақсы жерсіндірілген.
«Бір тал кессең, он тал ек» дейді халық даналығы. Экологтардың мәліметінше, негізінен әр адам басына он көшеттен келуі тиіс екен. Сонда ғана сіз тыныстайтын ортаның ауасы таза һәм пайдалы болатын көрінеді. Дегенмен, Шымкенттегі экологиялық ахуал көңіл қынжылтады дейді мамандар. Статистикалық мәліметтердің қорытындысы бойынша әр адамға он емес, бір көшеттен келеді екен.
Бұл ретте «Жасыл желек» тұқымбағының өз айтары бар. «Жасыл желекте» қазіргі күні 896 мың 162 түп өскін жайқалып тұр. Әрқайсысының дайын болу барысы да әртүрлі. 60-қа жуық мекеме жұмысшылары жалақысы мардымсыз болса да, кәсібін сүйіп, осылайша, мұнда суды өте аз қажет етеді деген желектерді ғана өсіріп жатыр.