Шымкентте төрт бірдей шағынауданның жері мемлекетке қайтарылады

224

Шымкентте төрт бірдей шағынауданның жері мемлекетке қайтарылады. Өйткені, қаланың су жаңа әкімшілік орталығын салу қажет. Мұны естіген тұрғындар естерін жия алмай жатыр. Өйткені салынған баспаналар қиратылып, өтемақы төленеді.

Халық баспаналарын босатқысы жоқ. Бұл туралы кешегі жаңалықтарымызда айтқан болатынбыз. Мәселені оң шешуді талап еткен жұрт тағы да наразылыққа шығып, жаға жыртысып қала жаздады.

Алайда көпшілік алдына келіп мән-жәйді түсіндірер ешкім жоқ. Ал аудан әкімінің айтқаны тұрғындардың көңілінен шықпады. Қала аумағындағы мемлекет мұқтаждығы үшін бұзылатын үйлердің тізімі газет бетіне жарияланғалы Қайтпас 1, Нұртас, Нұрсат және Қаражолдың халықтары күнде жиналады. Олар мәселеге байланысты бағдарлама әкімшілігі немесе жоба жасаушылардан түсіндіруін сұрайды.

Аудан әкімі бұзылатын әрбір үй жеке-жеке қаралады дейді. Тұрғындардың айтуынша, бұл аудандардағы баспаналардың бағасы 100 мыңнан 300 мың АҚШ долларын құрайды. Кейбірі банктен несие алған. Бюджеттен млн.-даған қаражат бөлініп, шағын аудандарға ауыз су, жарық, көгілдір отын тартылған.

Биліктің айтқанына көнбесеңіз, мұнымен сот айналысады деді аудан әкімі. Бір қызығы Шымкент қаласының бас жобасы әлі күнге дейін бекітілген жоқ. Жаңа бас жобадан кейін қандай өзгерістердің орын алатындығы белгісіз.