Қос балабақша есігін қатар ашты. Төлеби ауданындағы екі бірдей елдімекенде «Ақарыс» және «Болашақ» деп аталатын балабақша елге тарту етілді. Диханкөл және Абай ауылдарының балаларына сый ретінде жасалған мектепке дейінгі мекемені Төлебидің жұрты күтіп-ақ қалып еді.
Осылайша, Төлебидің игі жақсысы бүгінгі күнін балақайларға арнады. 20 жылдан бері балабақша тапшылығын көрген Абай ауылынан ашылған мектепке дейінгі мекемені мұндағы жұрт зарығып күткен еді. Заман талабына сай жабдықталған орынға бүлдіршіндермен бірге құтты қадамын ауданның бірінші басшысы Әуелхан Тұрғымбеков те жасады.
Абай ауылының үлкен-кішісі балабақшаның ішкі қолайлылығына қуанып жатқанда, жас ана Жанар Оразымбетова кенже қызын сырттағы әткеншектерде тербетіп жүр еді. Көп балалы ана енді кеже қызы үшін алаңдамайды. Өйткені, бүлдіршіні сенімді қолда.
Жанар ОРАЗЫМБЕТОВА, ата-ана: «Бұрын ауылдағы мектеп жанынан балалар үшін шағын топтар құрылған болатын. Алайда, оған орналастыру мүмкін болмады. Қызым, үйде болған кезінде оны ешқайда шығармайтынбыз. Енді жаңа балабақшаның табалдырығын аттаған соң, би билеп, ән айтуды үйренетін шығар. Өзі шығармашылыққа жаны құмар. Осындағы апайларының арқасында қызым тәрбиелі әрі өнерлі болып өседі деп ойлаймын».
Бұл кезде Төлебидің Диханкөл ауылында тұратын халайық та мәз-мейрам. Мұнда да 50 балаға шақталған балабақша ел игіліне берілді. Меңгерушінің айтуынша, кезегін күткен бала әлі де баршылық. Сондықтан, болашақта екі топқа қосып, 3-ші топты ашуды жоспарлап жүр.
Әуелхан ТҰРҒЫМБЕКОВ, Төлеби ауданының әкімі: «2009 жылдың қорытындысы бойынша ауданда бар-жоғы 11 ғана балабақша жұмыс жасады. Қазір ашылған балабақша бұл — 20-шы балабақша. Біз сол екі-үш жылдың көлемінде он-он бес шақты балабақшаны пайдалануға бердік. Қазір екі балабақша аштық. Таяуда тағы да төрт балабақша ашылатын болады».
Төлебиде әлі де 4 мың балғын кезекте тұр. Пайыздап шақсақ, ауданның 55-60 пайыз бүлдіршіні бүгінде балабақшада тәрбиеленуде. Жергілікті әкімдік 2015 жылға қарай бұл көрсеткішті 70 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=z3YhRaBxzvY[/youtube]