«Тәртіпсіздердің» ісін қарады

Өткен аптада Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы Тәртіптік кеңесі мәжіліс өткізіп, атқарушы билік орындарындағы заңсыздықтар мен Ар-намыс кодексі талаптарын сақтамаған бірнеше мемлекеттік қызметкерлердің тәртіптік істерін қараған болатын.

Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдылықтардың сақталуын бақылау бөлімінің бастығы Ж. Әлібеков мәжіліс барысында есеп беріп, Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылының әкімі Әбу Киркинбаевтың тәртіптік ісі қаралды. Әкім мырза белгілі болғандай қарамағындағы кейбір қызметкерлерге тиісті ұсыныссыз үстемақы беру туралы үкім шығарған. Оған қоса әкімшілік қызметкерлері қызметтік нұсқаулармен таныстырылмапты. Бұған дейін де жауапкершілікті сақтамағаны үшін сөгіс алған ауыл әкіміне қатаң сөгіс беру туралы аудан әкіміне ұсыныс жолданды. Және де Кентау қаласы Байылдыр ауылының әкімі Әділ Әуелбеков те осындай заңсыздықтарға барғаны анықталды. Бұл да қарамағындағы қызметшілердің жалақысына заңсыз үстемақы белгілеген. Бұдан басқа да былықтары бар ауыл әкіміне сөгіс берілді.

Мемлекеттік қызметкерлердің жүйелі түрде аттестациядан өтіп отыратындығы белгілі. Осыған орай, сынақтан жас балаша қашатын азаматтар да бар екен. Мәселен Қазығұрт ауданы жер қатынастары бөлімінің бас маманы М.Күзербаев және Мақтарал ауданы Қызылқұм ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы С. Бәкіров, Төлеби аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы С. Сансызбаев мемлекеттік аттестациядан өтуге әрдеңені сылтауратып бір емес үш рет келмей қалған. Неге келмедіңіздер деген сұраққа аудандардың білдей жауапты екі қызметкері мектепке келмеген оқушылардың сылтауын айтып жалтарды. Бірі, денсаулығы болмағанын айтса екіншісі, отбасылық жағдаймен сынаққа қатыса алмадым деп басын салбыратты. Тәртіптік кеңес мүшелері екі азаматқа да сөгіс түріндегі жаза қолдану керек деген шешімге тоқталып, аудан әкімдеріне ұсыныс берді.

Мәжіліс барысында байқағанымыз, тәртіптік кеңес мүшелері еліміздің белгілеген заңы мен талаптарын белден басып, мойынсұнбай жүрген, қазынаның ақшасын білгенінше жұмсаған мемлекеттік қызметкерлерге жеңіл жаза бергендей әсер қалдырды. Сынақтан қорқып қашу – өзінің біліміне, білігіне сенімсіздігін көрсететін нәрсе. Тұтастай бір ауданның немесе ауылдың басшылығында жүрген мұндай азаматтар біліксіздік танытып жатса олардың орнын басқа білікті кадрмен алмастыру керек секілді, біздіңше. Тәртіптік кеңес хатшылығының бөлім бастығы Жанзақ Әлібеков жыл басынан бері 30 мемлекеттік қызметшінің тестілеуден өте алмай қызметінен қуылғанын айтып өтті. Осыған қарап-ақ, өңірімізде қарапайым сұрақтарға жауап бере алмайтын білімсіз қызметкерлердің көп екенін байқатады. Жалпы биыл 1424 мемлекеттік – әкімшілік қызметкер тестілеуге қатысқан болса соның 780-і жоғары баға алып, 644-і өте төмен көрсеткіш байқатқан.

Саят ЖҰМАҒҰЛОВ