Заңсыз құрылыстар әлеуметтік қиындыққа әкелуде

Су құбырларын жөндеуге заңсыз құрылыстар кедергі келтіруде. Сейсенбі күні «Айқап» шағынауданындағы көпқабатты үйдің тұрғындары таза сусыз отыруға мәжбүр болды. Өйткені, ауладағы су құбыры жарылған. Ал оны жөндейтін мамандар болса бірден іске кірісе алған жоқ. Себебі, құбырлардың үстінен жеке нысандары салынып кеткен.

Сөйтіп «Айқаптағы» ағайын апта басын қайнатып шәй ішпек түгілі, бет шаятын су таппай бастады. Өйткені, орталық су құбыры жарылған. Ал сол құбырдың үстіне гараж орнатылғандықтан, жөндеу мүмкін болмай жатыр.

Бауыржан ДІЛДӘБЕКОВ, учаске бастығы: «Гараж алынбай, су құбырын істей алмаймыз.  Енді осындағы 36 пәтер азаннан бері сусыз қалды. Заң бойынша, бұл гараж біздің орталық су құбырынан 5 метр арақашықтықта орналасу керек. Былтыр да біз осы жердегі суқұбырының 15 метрін ауыстырғанбыз. Сонда да, осы гараж кедергі келтіріп, әрмен қарай жаңарта алмағанбыз».

Қит етсе, қызмет көрсетуші мекемеге шағымданып үйреніп қалған тұрғындар бұл туралы сұқбат беруден бас тартты. Өйткені, қос гараждың бірі үй төрайымына тиесілі. Сондықтан көршісін сыйлайды.

«Су арнасы» мекемесінің мамандары құбырдың үстінен салынған нысан жалғыз бұл емес дейді. «Нұрсәттегі» диаметрі мың миллиметрлік су құбырының үстінен де көп қабатты үйлер салыныпты. Ал ол жарылған кезде шағынаудандағы көп жұрттың қиналайын деп тұрғаны анық. 

Кейіннен белгілі болғандай, бұл проблема шешіліп, тұрғындар ауыз суға қол жеткізді деп хабарлады ауызсуға жауаптылар. «Су арнасы» мекемесінің мамандары тұрғындардан осындай әлеуметтік нысандардың үстінен ешқандай ғимарат салынбауын кезекті рет сұранады.

 

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=g3y8Q0TJGLY[/youtube]