Заңгер кеңесі

Оқырмандар сауалына, тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.

Сұрақ:
– Мен 23 жастамын. Үйленейін деп жүрген қызым әлі 16-ға толмаған. Үйленген жағдайда некемізді тіркей аламыз ба? Яғни, неке жасы қандай болу керек?

Жауап:
– ҚР заңнамасында неке қию үшін неке (ерлі-зайыптылық) жасы еркектер мен әйелдер үшін 18 жас болып белгіленеді.
Бірақ «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 10-бабына сәйкес неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу орны бойынша тіркеуші органдар неке (ерлі-зайыптылық) жасын екі жылдан аспайтын мерзімге келесі жағдайларда ғана төмендете алады:
1) Әйел жүкті болса;
2) Некеге отырушылардың ортақ балалары болатын болса.
Яғни, Сіздердің некеңізді тіркеу үшін Сіздің сүйіктіңіз 16 жасқа толу керек және жүкті болу қажет немесе Сіздерде ортақ балаларыңыз болу керек. Онсыз Сіздердің некелеріңізді тіркемейді.

Сұрақ:
– Менің балам әкесінің тегінде. Алайда, тегін ауыстырмақшы, менің де тегімді алғысы жоқ. Өйткені жұбайым екеуіміздің тегімізде «ов және ова » жалғаулары бар. Енді не істеуімізге болады?

Жауап:
– «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 63-бабының 3-тармағы бойынша ата-аналарының қалауы бойынша баланың тегi ұлттық дәстүрлер ескерiле отырып, әкесi сияқты, анасы тарапынан да әкесінің немесе атасының аты берілуі мүмкін. Яғни, балаңызға тегі ретінде атасының аты берілуі мүмкін және онда «ов» жалғауы болмайды.
Толық мәлімет алу үшін жергілікті Әділет органдарының АХАТ бөліміне хабарласуыңыз қажет.