Бүгін М.Исаховтың ісіне қатысты тергеушінің жауабы тыңдалды

32

Шымкентте қала әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін куәгер ретінде арнайы М.Исаховтың ісіне қатысты Астанадан шақырылған тергеуші мен Тұран ауданының экс-әкімінің сөзі тыңдалды.

Шымкентте қала әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот отырысы бүгін де жалғасын тапты. Бұл жолы қосымша куәгерлер сөзі тыңдалды. Соның бірі Тұран ауданының экс-әкімі Боранбай Болатбеков. Ол 2020 жылы «Сити Строй» ЖШС-нің директоры қызметкерлеріне айлық беруі үшін компанияның бұғатталған шотын ашуға көмек сұрап келгенін айтады. Сол уақытта Б.Боранбаевтан айтулы компанияға көмек көрсетуді айыпталушы Мақсұт Исахов та сұраған көрінеді.

«Маған 2020 жылдың соңында «Сити Строй» компаниясының директоры Әсет бірнеше рет келіп, компания шоты бұғатта тұрғандықтан 300-ден аса жұмысшысына айлық бере алмай жатқанын айтты. Шоты Ю.Гагарин мен Громов көшесіндегі құрылысқа байланысты жабылған екен. Сол мәселені шешуге көмектесуімді сұрады. Бірақ бірнеше рет бас тартқанмын. Бірақ Мақсұт Пернебайұлы дәлізде әлеуметтік дау туындап, тұрғындар арасында шу туындамас үшін көмек беруімді сұрады. Сондықтан жеке сот орындаушыға осы іске катысты мүмкіншілік қарастыруыңызды сұраймын деп жазғанмын. Бірақ ол хат әсер етті ме, шот ашылды ма? Білмеймін. Одан хабарым болмады», – дейді куәгер Боранбай Болатбеков.

Алайда сезіктінің заңгері ол хат жазылғанға дейін аталған компания шотына салынған бұғат сот шешімімен алынғанын айтады. Сондықтан ол хаттың не үшін жазылғанын сұрады.

«15 қазанда экономикалық сот «Сити Стройдың» өтініші бойынша компанияның шотына салынған бірінші бұғатты, жылжымайтын мүлікке арналған бұғатқа ауыстырады. Судья өз сөзінде бұл тез арада орындалуға жататынын айтқан. Демек оған дейін де компанияның шоты сот шешімімен шешіліп қойған. Заңды түрде шот ашық болса, бірнеше айдан кейін барып, бұл хатты жазуға не түрткі болды?», дейді заңгер Жәния Бодау.

«Мен оны білмедім. Мен оны білсем хат жазбас едім. Әсет те оны білсе, маған келмес еді ғой. Өздері де білмеген шығар», – дейді куәгер Боранбай Болатбеков.

Ал Мақсұт Исахов ол кезде Боранбай Болатбеков басшылықта отырған энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына жетекшілік етпегенін айтады. Сондықтан ондай өтінішті білдірмедім дейді.

«Сити строй» басшылығы сотқа қатыса тұра қалай шотының бұғаттан шыққанын білмеуі мүмкін? Бұл мүмкін емес нәрсе. Менің жетекшілігімде 7 басқарма болды. Бірақ мен 2020 жылы энергетика басқармасына қарамадым. Сол кезде естігенмін сол басқармаға жаңа басшы келді дегенін. Алайда Боранбай Болатбековті танымайтынмын. Егер мен сол жылы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына жекешілік жасамасам, басшысын танымасам қалай өтініш айтамын? Мен тек 2021 наурыз айынан бастап бұл басқармамен тығыз жұмыс жасай бастадым. Онда да әкімнің сол басқарманы жетекшілікке ал дегенінен соң ғана жұмыс жасай бастадым. Ал 2023 жылы Бамда кездестік дедіңіз тағы бір жауабыңызда. Ол кезде енді сіз энергетика басқармасына қарамайсыз. Тұран ауданының әкімі едіңіз. Бірақ ол жерге сіз қалай келесіз? Неге мен сізге басымдағы мәселені айтамын? Түсінбеймін», – дейді күдікті Мақсұт Исахов.

Сонымен қатар сот отырысында ҰҚК тарапынан тергеу жүргізген тергеушіден жауап алынды. Заңгер Жәния Бодау қорғалушысына қатысты жүргізілген істе кетуі мүмкін олқылықты тізбектеп шықты.

«Баянат бойынша 16-18 тамызда жүргізген тергеуіңізде СД диск №10 24 106 Қ және 107 Қ 1 дана -2 дана деп жазғансыз. Ал қылмыстық іске айғақ зат ретінде көрсеткен кезде №10 24/106Ж және №10 24/107 Ж деп көрсеткенсіз. Қалай Қ әрпі Ж-ға айналып кетті?», дейді заңгер Жәния Бодау.

Тергеуші Нұржан Тоқтарбаев Исаховтың ісін тергеуге арнайы Астанадан шақырылған. Сондықтан қорғаушы айтқан дисктегі ақпарат өзінің қолына түскенге дейін жария етіліп қойғанын айтады.

«Маған конверттер салынған диск келді. Оның сыртырда солай «Қ» деп тұрды. Соны көшіріп жазғанмын. «Қ» деген құпия. «Ж» деген жасырын. Дисктегі ақпарат жария етілгенге дейін құпия болып саналды. Жария етілген соң «Жасырынға» өзгеріп, диск «Ж» деп жазылды. Маған диск жария етілген күйде келді. Сондықтан солай жаздым», – дейді куәгер Нұржан Тоқтарбаев.

Сот процесі кезінде тергеушінің тәркіленген ақшаны қалай санағаны мен тіркегені туралы мәліметтер айқын болды. Маман сөзінше қомақты қаражаттың шынайылығын анықтау үшін оны арнайы аппаратпен тексерген, алайда жұмыс барысын тек фотосуретке түсіріп отырыпты. Сонымен қатар бүгін тағы бірнеше қосымша куәгер сөзі тыңдалды. Ал келесі сот отырысы айдың ортасына жоспарланып отыр.