Шымкенттегі Төле би көшесінде орналасқан «Жұмыспен қамту орталығында» ұзын сонар кезек жоқ. Ажар Шотаева бұл орталыққа Шардара ауданының «Қазақстан» ауылынан медициналық колледжді тәмамдаған қызына жұмыс іздеп келіпті. Орталықта кезекте тұрғандар негізінен жоғары және арнаулы оқу орындарын бітірген жастар. Барлығының үміті тұрақты жұмысқа орналасу.
Ажар Шотаева, «Парасат» колледжінің түлегі: «Мен аудармашы референт мамандығы бойынша жұмыс іздеп келдім. Жұмысқа орналасатыныма сенімдімін».
Жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сүйенсек, жастар практикасы бойынша тамыздың біріне дейін 3 мыңнан астам түлек жұмысқа жолданған. Жоспар 1647-ні құрайды. Олар жаңа жұмыс орындарында 6 ай бойы тәжірибе жинақтайды. Бұл санаттағыларға төленетін еңбекақы 28 мың теңге. Орталық тамыз айына дейін 1 мың азаматты тұрақты жұмысқа орналастыруды мақсат еткен. Іс жүзінде 898 адам жұмыспен қамтылыпты.
Жадыра Дәуренбеков, жұмыспен қамту орталығының әкімшілік бөлімінің бастығы: «Олар қадағалауда болады. Жұмыс беруші жолдаманың екінші бөлігін бізге жібереді. Онда азаматтың қандай мамандық бойынша қабылданғаны жайлы барлық деректер болады. Кейін олар бізге есеп береді».
Әлеуметтік жұмыс орындарына деген тапсырыс 1684 болса, ол артығымен орындалды-, дейді сала мамандары. Нақтырақ айтсақ, 2072 адам жұмысты болған. Олардың жалақысының 50 пайызы орталық есебінен, қалғаны республикалық бюджеттен төленеді. Еңбек ақысы 50-60 мың теңге төңірегінде. Жұмыспен қамту бағдарламасының тағы бір бағыты — жұмыссыздар, оқу орындарын жаңа бітірген түлектер жаңа мамандықтарды меңгеру үшін курстардан өтеді. Мысалы, биыл 1-ші қыркүйектен бастап 830 азамат 31 мамандық бойынша дәріс алады деп жоспарлануда. Бұл ретте орталық 13 оқу орындарымен келісім-шартқа тұрған.
Жадыра Дәуренбеков: «ҰБТ мен кешенді тесттен өтпеген мектеп және орта арнаулы оқу орындарының түлектерін шақырамыз. Оларды 1 не 3 жылдық оқу бағдарламасы бойынша жаңа мамандықтарға үйретеміз. Мәсеелен осыған дейін 810 азамат оқуға жіберілді. Олардың 425 -і сертификат алды. 405-і жұмыспен қамтылды».
Сұранысқа ие болып отырған негізінен техникалық мамандар. Орталық 300-ге жуық мекеме және кәсіпорын, ұйым басшыларымен түзілген меморандум негізінде азаматтарды жұмысқа орналастыруда. Ақпаратты қажет еткендер 53-63-85 телефонына хабарласа алады.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=xwXtQ5Ll_OI[/youtube]