«Жаңа орталықтың» ескі дауы

Шымкент билігі қып-қызыл дауға себеп болған қаланың әкімшілік орталығына байланысты тағы бір мәлімдеме жасады. Бұған дейін газетімізде жаңа орталықтың құрылысына қажет деп табылып, мемлекеттің меншігіне қайтарылатын жер иелеріне ескертту берілгендігі айтылған еді. Енді қалалық әкімдіктегілер жаңа орталыққа қажетті жер көлемі қысқарғанын мәлімдеп отыр. Осыған байланысты төрт шағынаудандағы барлық үйлер көшірілмейтіндігін айтып, елді сабырлыққа шақыруда. Бар болғаны бас жоспарға сәйкес мемлекет меншігіне қажетті 50 үй қиратылады. Аумақтағы мәселенің мән-жайын анықтау барысында мамандар осындай тұжырым жасап отыр.

Айта кетейік, жаңа әкімшілік аумақтың құрылысы үшін қажетті 375 гектар жер көлемі бюджет тапшылығына байланысты 90 гектарға азайтылған еді. Ал, «әлдеқандай жағдай болса ескертпеді демеңіздер» дегендей, жергілікті биліктің алдын ала ескерту беруге не себеп болғаны әзірше түсініксіз. «Ең бастысы елдің дүрлігуіне негіз жоқ», – дей келе қалалық әкімдік мамандары қиратылатын үйлердің тізімі жергілікті мемлекеттік газеттерде жарияланатындығын ескертеді.

Айтпақшы…
«Қиратылуға кесілген» үй иелеріне жер телімі бірелмейді екен, тек өтемақы ғана төленеді. Бұл әрекет биліктің түсіндіруі бойынша тиісті заңнамаларға сай келеді. Бүгінгі таңда жаңа әкімшілік орталығының жоспары нақтыланып, 5 іскерлік нысанның құрылысы басталып та кетті. Жаңа орталық «Қайтпас-1», «Нұртас», «Нұрсәт» және «Мирас» шағынаудандарының аумағынан бой көтермек.