«Жамалбек қажы» сауда орталығы саудагерлерді шақырады

449
базар шақырады

«Бекжан» базарының сатушылары далада қалмайды. Олардың біразы Жамалбек қажы сауда орталығына жайғасуда. Бірер күннен бері мұнда саудагерлер тауарын түгендеп, орындарын тиянақтап жатыр. Айта кету керек, мұндағы басшылық сатушыларға бар жағдайды жасапты. Ең бастысы — сауда нүктелері алғашқы үш айға тегін беріледі.

Тауарларын түгендеп, қораптарын жайғастырып жатқан Тұрсынхан Жұмаділлаев «Бекжан» базарынан осында келіп, орын тауып жайғасып жатқан сатушылардың бірі. Өткен жұмадағы жағдайдан соң барынан айрылған ол сауданы тоқтатпастан бірден осында орнығуды жөн көріпті. Енді бүгіннен бастап дүкеннің саудасын қыздырмақшы.

«Жамалбек қажы» сауда орталығына қазір күніне 300-ден астам саудагер келіп, жайғасып жатыр. Мұндағы 2200 орынның 1700-ге жуығы жалға беріліп үлгерген. Ендігі қалған 500-не бүгін-ертең келетін сатушылар жайғасса, сауда орны өзінің қызу жұмысына кіріседі. Ол үшін қажетті жағдайды мұндағы басшылық жасап та қойған.

Дінмұхаммед Зиятбеков: «Жамалбек қажы» сауда орталығының басқарушы директоры: «Сатушыларға қолдан келген көмекті аямаймыз. Алғашқы айларында орын тегін беріледі. Саудасын шыр айналдырып әкетуге барын жасаймыз».

Келушілер мен сатушылар үшін салқындатқыштар қосылған. 5 мың автокөлікке арналған автотұрақ та бар. «Аузы күйген үріп ішер» дегендей, қайғылы жағдай орын алмас үшін сауда орталығының басшылығы өрт қауіпсіздігі талаптарынын сақтауды қатаң қолға алған. Халық шоғырланатын орын автомматтандырылған жүйеде жұмыс істейді.

Үш қабатты ғимаратта орналасқан «Жамалбек қажы» орталығында бос орындар әлі де бар. Сондықтан мұндағы басшылық өзге де сатушылар үшін есігінің айқара ашық екенін айтады.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=2aXpHGtPTSs[/youtube]