«Жастар бизнес клубтары» жұмысқа кірісті

427

Енді облысымызда жастардың бизнес клубтары жұмыс жасайтын болды. Толығырақ тоқталсақ, Шымкентте «Жастар орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің әлеуметтік тапсырыс негізінде «Жаңғырық» қорының ұйымдастыруымен өткен «аудандық, қалалық, «Жастар орталықтары» жанындағы жастардың бизнес клубтарының қызметін ұйымдастыруға бағытталған кездесу өтті. Басты көксегендері – елді мекендердегі жастарды шағын және орта кәсіпкерлікке баулу, өзінің ісін ашуға бейімдеу, қаржы тарту арқылы өз ісін ашуға көмек беретін аудан, қалалардағы «Жастар орталықтары» жанынан «Жастар бизнес клубтарының» жұмысын ұйымдастыру. Жастар бизнес клубының жұмысы облыстық «Жастар орталығы» арқылы бірлескен ортақ жоспарға сәйкес, жүйелі түрде жүргізіліп, қадағаланады. Айта өтейік, іс-шараға облыстың барлық аудандық, қалалық жастар орталықтарының директорлары мен бизнес клубтарына жауапты мамандары, жастар ұйымдарының белсенділері қатысты. 

Дамир Жүнісов, «Жастар орталығы» МКМ бөлім бастығы: «Бұл бизнес клуб жастарға үлкен мүмкіндіктер беріп, мақсаттарына жол бастайды. Сондықтан, өңір жастары орталықтарының басын қосып отырмыз. Олар енді бизнес клубтары арқылы ауыл шаруашылығын жүзеге асыра алады. Сайып келгенде бұл клубтың жастарға берері мол. Түрлі жобаларды осында талқылап, жоғарғы жаққа ұсыныс тастап отырмыз. Сондықтан, елдің ертеңін елестететін жастардың саясатын жүзесе асыруда да бұл бизнес клубтың үлкен мән-маңызға ие екенін айтқым келеді. Ендеше, қоғамның қозғаушы күші – жастар қауымының пікірі әрдайым биліктің назарында. Сол себепті, жастардың жазғы уақыттарын тиімді өткізуде де бізде көптеген ауқымды шаралар атқарылды. Әлеуметтік жағдайы төмен немесе балалар үйінің балаларына да арнайы барып, шарапаты мол шараларды өткіздік. Алдағы уақытта да ешқандай мәселеле біздің назардан тыс қалмайды деген сенім мол”.

Кездесу барысында аудан, қалалардағы “Жастар бизнес клубтарының” жауапты мамандарына жұмысқа қажетті интернетке қосылған ноутбуктер, “кәсіпкерлік”, туралы әдістемелік құралдар, блокноттар, папкалар, сертификаттар және басқалай қажетті құрал-жабдықтар табысталды. Осы игі бюастама аясында барлық аудан, қалаларда тұрақты түрде “Жастардың бизнес клубтары” жұмыс жаайтын болады деп күтілуде.ауылдың әрбір жасы осы орталыққа келіп түсіндірме кеңес алуға, интернетте тегін ақпарат алмасуға, семинар-кеңестерге қатысуға мүмкіндік алады.

 

Маманов Серік, Созақ аудандық “Жастар орталығының” директоры: “Әрине, бизнес клубтар жұмыстарының жүзеге асқаны – ауыл жастарына өте тиімді. Сондай-ақ көптеген жобалар жүзеге асып, жастарды көптен бері мазалап жүрген сауалдар да осында қаралатын болады. Мәселен, бұл жиында тек бір бизнес клубтарының атқаратын жұмыстары ғана қозғалып қалған жоқ. Қаузаған тақырыптар мен ұсыныстар көп болды. Мәселен, Созақ ауданындағы әкімшілікте жастармен жұмыс жасайтын маман жоқ. Сондықтан бүгін осы мәселені көтеруге тура келді. Өзге аудандардың да кешіп отырған күйі бұл. Бізге бұл маман ауадай қажет. Сондықтан, бүгін Гүлмира Жаппарқызының алдында ұсынысымызды бүкпесіз айттық. Енді алдағы уақытта бұл мәселе өз шешімін табады деп сенеміз”. 

Гүлмира Тағаева, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы: “Мұнда келіп, жастардың ұсыныстары мен талап-тілектеріне құлақ аса отырып, көп жәйттерден хабардар болып отырмын. Айта өтейін, ішкі саясат басқармасы жастардың мәселесімен жұмыс жасаған және жасай береді. Сондықтан, мұндағы айтылған ой немесе ұсыныс-тілектер бұлай қабырғаға қамалып қалмайды. Сондықтан бар мәселенің шешімін табуы үшін барлығымыз да жұмыла жұмыс атқарумыз қажет. Сонда ғана діттеген мақсатымыз орындалары анық. Мынау қолға алынып отырған бизнес клубтың да жастарға берер мүмкіндігі мол. Ендеше, тек тиімді пайдалана алса болғаны”.

Сондай-ақ іс-шараның қорытынды бөлімінде әрбір аудан, қалалардан шағын және орта кәсіпкерлік саласы бойынша білім алған жастарға “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы берілетін “Арнайы грант” бағдарламасы турасында сөз қозғалды. Толығырақ айтсақ, бұл бағдарлама арқылы жас кәсіпкер өзінің бизнес жоспарына 1,5 млн. теңге көлемінде қаражат алуға мүмкіндігі бар. Сондықтан, жастардың жұмыссыздық мәселесі шешімін табуы үшін игі бастамалар осы клуб аясында атқарылады деп күтілуде.