Жастар ісі жөніндегі жаңа басқарма ашылады

284
обл сессия

Бүгін облыстық мәслихаттың кезектен тыс 5-ші сессиясы өтті. Күн тәртібіне ұсынылған 3 мәселе- облыс әкімінің есебі,  2012-2014 жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылау  және жастар ісі жөніндегі  жаңа басқарманы   ашу.  Облыс әкімінің  жарты  жылда атқарған жұмысы бойынша есебі осыған дейінгі тұрақты комиссияларда жіті талқыланғандықтан, бүгінгі кезектен тыс 5-сессияда депуттар әкімнің жұмыстарына оң бағасын берді.

Саттар Қауышбаев, облыстық мәслихаттың депутаты: «Қай саланы алсаңда ілгерушілік бар. Облыс жұртшылығының тұрмысын жақсарту бағытында  қыруар тірлік жасалды. Комиссияда облыс басшысының артқарған жұмысына оң баға бердік. Оған өз басым келісемін».

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Экономиканың даму қарқыны бойынша қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы  республикада алдыңғы қатарда. Жетістіктермен бірге кемшіліктер де жеткілікті. Ол аудан әкімдерінің есебі барысынд айқындалды. Олардың барлығы ашық айтылды. Қазіргі таңда сол кемшіліктерді  жою бағытында  жоспарлы жұмыстар жүргізілуде».

Облыс бюджетін нақтылау барысында біраз сауалдар туындады. Нақты  айтқанда, облыс бойынша 264 қолдан ұрықтандыру бекеттерінің құрылысына қарастырылған 105 млн. теңгенің жайы сөз болды.

Аманолла Раманқұл, облыстық мәслихаттың депутаты: «Жобалық-сметалық  құжатты әзірлеуге мұндай қаражат көлемі көптік етпейді ме. Бюджет қаржысын талан-таражға  салмай, мақсатты  тиімді жұмсалуына неге ықпал етпейміз».

Берік Оспанов, облыс әкімінің бірінші орынбасары: «Бұл тек жобалық сметалық құжатты дайындауға емес, құрылысына да қарастырылған қаржы. Осылай жасамасақ жоғарыда құжат қабылданбауда. Талап солай».

Осы тұста бірқатар депутаттар  дені сау мал басын көбейтуде қолдан ұрықтандыру бекеттерінің тиімділігін де баса айтты. Сондай-ақ сессияда    Өзбекстан   шекарасының ашылғаны жергілікті диқандарды шығынға  белшесінен батырғаны жайлы да айтылды.  Сарыағаштықтар жылы жайда өсірген өнімін 100 теңгеден сатса, өзбектер оны 30 теңгеден саудалауда. Ауыл ағайыны  шығарған ақшасын қайтара алмай әлек. 2012 жылға арналған облыстық бюджеттің көлемі негізінен өзіндік кірістер көлемін ұлғайту есебінен 1 жарым млрд. теңгеге артты.

Ербол Садыр,  облыстық бюджетті жоспарлау және экономика басқармасының бастығы: «Ордабасы ауданы Темірлан елді мекеніндегі су тасқынынның салдарынан орын алған төтенше жағдайларды алдағы кезеңде болдырмау  мақсатында 405,2 млн. теңге қарастырылуда. Сондай-ақ  Шымкент қаласындағы Ақсай-Қарабастау каналының жұмыс істеу қабілетін қалпына келтіру шығындарына  143,1 млн. теңге бөлінді.  Тағы бір жағымды жаңалық. Білім және ғылым министрлігі жанында жастар ісі жөніндегі комитет ашылды.Енді өңірлердің барлығында басқармалар ашылуда. Жастар ісі жөніндегі басқарма ОҚО-да да  ашылды. Бұл құрылым  жастардың проблемасын шешуге бағытталған».

Сессияның жұмысына ат терлетіп сонау  киелі Түркістаннан жеткен депутат Рақым  Тәңірбергенов  облыс басшысына өтініш жасады. Ол «Батыс Қытай-Батыс Еуропа»  көлік дәлізі құрылысына қатысты.  Мердігерлер құрылыс жүргізіп жатқан  жол бөліктерінде  су сеппей айналаны шаңғытуда — дейді депутат мырза. Облыс басшысы  бұл  мәселе бақылауда болатынын жеткізді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=E9FKCNl_HUs[/youtube]