Түркістанда облыстық мәслихаттың кезекті он жетінші сессиясы өтті. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы бірқатар өзекті мәселелер қаралып, нақты шешімдер қабылданды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров халық қалаулылары алдында есеп беріп, Түркістан облысы қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы қатарға шыққанын тілге тиек етті.
Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он жетінші сессиясы өтті. Алқалы жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты 21 өзекті мәселе қаралды. Халық қалаулылары алдында есеп берген Нұралхан Көшеров қысқа мерзімді экономикалық даму бойынша облыс республика көлемінде 1 орынға шыққанын жеткізді.
Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Бүгін мәслихат сессиясында облысымыздың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси мәселелері талқыланды. Бюджет шығыстары қайта қаралып, бірінші кезекте экономикалық өсімді қамтамасыз етуге және өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталды. Басым шығыстар елді мекендерді ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз етуге бөлінді. Сессия барысында сіздердің қолдауларыңызбен өңірдің қоғамдық-саяси жағдайына әсер ететін бірқатар оң шешімдер қабылданды. Қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіштерге тоқталсақ, бес айдың қорытындысы бойынша республика көлемінде бірінші орынға шықтық. Бұл — бірлесіп жұмыс істеудің нәтижесі деп білемін».
Бұдан бөлек жиында 10-ға тарта басқарма мен атқарушы органдар өкілдері баяндама оқыды. Ондағы көтерілген мәселенің басым бөлігі инфрақұрылым жүйесіне бағытталған. Сессияда сөз алған облыс басшысы өңірдегі заң мен тәртіп қағидатына қатысты акцияға белсене қатысуға шақырды.
Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Президентіміз қоғамда заң мен тәртіптің үстемдігін түбегейлі орнату жөнінде нақты міндеттер жүктеген болатын. Осыған орай облысымызда «Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның кепілі» тақырыбында ауқымды іс-шаралар басталды. Негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және халықпен ашық диалог орнату. Бұл бастамаға баршаңызды бірлесіп атсалысуға шақырамын. Құрметті депутаттар, бүгінгі сессияда маңызды мәселелерге қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына бірге үлес қосамыз деп сенемін».
Мәслихат депутаттары өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, шешім жобаларына нақты ұсыныстар енгізді. Талқылау барысында жергілікті өзін-өзі басқару, бюджеттік жоспарлау, әлеуметтік инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығы салаларындағы түйткілдер де назардан тыс қалмады.
Әсел Мәлік






