Ұстаздар мерекесіне орай Алматы қаласында «Үздік ұстаздардың» республикалық форумы өтті. Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ге жуық мұғалім қатысты. Алғаш рет республика тарихында 48 ұстаз «Үздік педагог» атағына ие болып, 1 млн. 619 мың теңге сыйақы алды. Біздің облысымыздан 11 ұстаз аттанған еді, олардың үшеуі үздік атанып қайтты.
Солардың бірі Нұртас Оңдасынов атындағы №38 мектеп гимназияның ұстазы Айдосова Гүлшахар Бегманқызы. Орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұстаз 5-9 сыныптарға арналған ұлттық мектептердегі қазақ тілін оқыту бойынша «Салыстырмалы грамматика» бағдарламасының авторы. «Жыл сайын ұстаз қауымына көрсетілетін құрмет ерекше ғой. Қаншама жыл еткен еңбек пен төккен тердің бағаланып, еленіп жатқаны көңіл қуантады. Алғаш рет ұйымдастырылған Қазақстанның үздік мұғалімдерінің балына да қатысып қайттық.
Білім саласында қызмет етіп келе жатқаныма биыл 34 жыл болды. Әлі де талай шәкірттің өмірдің бір кірпіші болып қалануына өз үлесімізді қосамыз», – дейді білікті ұстаз.