Қамбада бидай қат

Сатушылар бидайдың тапшы болуын шаруашылықтар қолдан жасап отыр дейді. Жем құны қымбаттаған соң барып сатылымға шығарамыз деп бекініп алса керек.

Жем сататын орындарда қазір бидай жоқ. Сатушылар мұны шаруашылықтар қолдан жасап, бізге бермей отыр дегенді айтады. Сөздеріне сенсек, олар әдейі қымбатшылықты күтіп отырса керек.

«Қамбадағы қалған бидай Cолтүстіктен келген, былтырғы қардың астында қалып қойған дән. Мұны халық алмайды,» — деп ағынан жарылады сатушы Әлішер Исаев. Сөйтеді де, жем сұрап келгендерге ескі бидайын пұлдауға мәжбүр. Дән келісін 50 теңгеден сатқан шаруашылықтардан тағы ала алмайды. Себебі, 55-60 теңгелік бидайды көбі қымбатсынады дейді.

Әлішер ИСАЕВ, жем сатушы: «Қымбаттаған тек қана бидай мен кебек. Қалғаны өз қалпында тұр. Мақтаның күнжарасы қарашадан бастап шыға бастайды.  Сондықтан олар қазір сатылымда да жоқ».

Бүгінгі таңда сатылымдағы жемнің бағасы келесідей. Яғни, бұрын келісі 20 теңгеден саудаланған кебек 26 теңгеге шықты. 40-тан сатылған бидай 50-55-ті құрап тұр. Бидай жармасы да көтерілген. Ол 48 теңгеден саудалануда. Ал қалған жем түрлері бұрынғы құнын сақтап тұр (арпа-43, арпа жармасы- 45, жүгері-60, жүгері жармасы 65, құрамажем-45, мақсары сығындысы-27, тары-100, престелген кебек-27, балапан құрамажемі-140).

Мал азығы құнының шарықтауы шаруалардың еңсесін түсіріп тұр. Бүйте берсе, ірілі, ұсақты малымызды жақында арнайы диетада яғни емдәмде ұстайтын шығармыз деп кекесін танытады.

Жем қымбаттағанымен есесіне шөп арзандады десті шаруалар. Шілдеде бір пресі 600 теңгеге жуықтаған жоңышқа шөбі қазір біршама төмендеген. Бұл Қызылордадан шөп тасыған кәсіпкерлердің арқасында мүмкін болып отырған көрінеді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=DvZzckMn8PY[/youtube]