Бейғам ойнап жүрген 9 жасар қызды жүйткіп ұшып бара жатқан қоғамдық көлік қағып кетті. Бүгінде Аружан Қажымұқан өзі тұрып-қимылдай алмайды. Соққы салдарынан ауыр жарақат алған бала ауруханаға ес-түссіз жеткізіліпті. Дәрігерлер оның өмір бойы мүгедек болып қалуы мүмкін екенін айтады.
Осы оқиғадан соң қыздың ата-анасына жүргізушінің туыстары келіп, барлық көмекті көрсетеміз деп, тек полицейлерге хабарламауын өтінген. Тиісті уәдесін алған соң, ізім-ғайым жоқ болған.
Кейіннен бүлдіршіндей қызды қағып кеткен жүргізушіні қалада көлік басқарып жүрген жерінен көргендер бар. Ал қызы хал үстінде жатқан анасы перзенті үшін күн сайын қымбат дәрі сатып алуға мәжбүр. Олардың ең басты тілегі — жауапты адамдардың тиісті жазасын тартуы.
Мейрамкүл Байқонысова, Аружанның анасы: «Қазіргі таңда әкесі көтеріп алып барып келіп жүр.Қызым нашар халде. №32 қоғамдық газель көлігі соғып кетті. Содан қол қойдырып алды. қызым реанимациядан шыққаннан кейін келген де жоқ, түрлерін де көрсеткен жоқ».
Ал қызды қағып кеткен жүргізушінің әкесі Асқар Құлтасов арнамызға арнайы келіп, жағдайды түсіндірді. Айтуынша, оқиғадан кейін ең соңғы тиын-тебендеріне дейін қыздың ата-анасына беріп келгенін айтады. Ал қазір Аружанның анасы қомақты қаржы сұрап отырған көрінеді.
Асқар Құлтасов, жүргізушінің әкесі: «Бізден бірінші 100 мың теңге алып келіп бересін, содан соң мен сенімен сөйлесемін деді
әкесі. Одан кейін 200 мың әкеп бересін деді. Мұны айтқан қайнағасы. Қайнағасы органда істеген адам екен. Мен саған көрсетемін, балаңды түрмеде шірітемін дейді».
Осылайша екі жақ екі бөлек ақталуда. Ал тәртіп сақшылары үнсіз. Енді бұл іске сот нүкте қояды.