Қорғасын зауытынан келер қауіп жоқ

Қорғасын зауыт
Қорғасын зауыт

Алматы, Шымкент, Семей, Қарағанды қалаларының дәрігерлері бірігіп жасаған 3 жыл бойғы зерттеу жұмыстарының нәтижесі осындай. Қорғасынның қаупін білу үшін дәрігерлер тұрғындардың 20%-ын арнайы тексеруден өткізіпті. Ересектер мен балалар, жасөспірімдердің шаш, тырнақ үлгілеріне, қан, несеп, сондай-ақ ағзадағы биологиялық сұйықтықтарға талдау жасалған. Медбиологиялық, цитогенетикалық, биохимиялық талдаудың сан түрін зерттеген дәрігерлер тұрғындардың ағзасындағы қорғасын мөлшері шамадан тыс емес деген қорытындыға келіп отыр.

«Осыдан он жыл бұрын АҚШ елінің ғалымдары жасаған зерттеу қорытындылары қазір негізсіз. Адам денсаулығына, қоршаған ортаға қорғасын зауытынан келер қауіп оншалықты қорқынышты емес» – дейді ХҚТУ клиникасының директоры Иманәлі Байдәулет. Дәрігерлер қорғасыннан келер кеселдердің алдын-алу керек деп отыр. Алдымен, топырақтағы қорғасын құрамы анықталып, тазалау жұмыстары жүйеге қойылды.

«Біз балалар мен ересектердің қан, шаш, несеп талдауларын жасадық. Шаш талдаулары адам ағзасындағы қорғасынның қаншалықты зиян келтіргенін анықтайды. Ал қан құрамын тексеру арқылы организмнің дәл қазіргі ахуалын білуге болады. Ал Шымкент қорғасын зауыты маңында жүргізген тексеру-зерттеу жұмыстарының нәтижесі қалыпты көрсеткішті көрсетті. Экологияға да әкелер еш қаупі жоқ» – дейді медицина ғылымдарының докторы, қарағандылық Зұлқия Намазбаева.

Топырақ қорғасынның қалдықтарынан өздігінен, табиғи түрде тазарады екен. Ол үшін қорғасын зауыты маңында жасыл шалғынның аумағы ауқымды болуы керек. Жасыл шөп өскен сайын, беткі бөлігін орып алу арқылы топырақты тазартуға болатын көрінеді.

Жанар ЕСЕНБЕКОВА