Депутаттар Оңтүстік шекарада болды

Қазақ-өзбек шекарасы, Ынтымақ ауылы

Парламент Мәжілісінің депутаттары «Оңтүстік» әскери бөлімі аймақтық шекара басқармасында болды. Әскери бөлім Сарыағаш ауданында орын тепкен. Шекарашылар қазақ-өзбек шекарасының 206 шақырымнан астам жеріне дейін барлау жасайды. Бұл бөлімге халық қалаулылары кездейсоқ келген жоқ. Бұл елімізде «Мемлекеттік шекара» туралы заңнамасының дайындалуына байланысты жасалып отырған шаруа. Қорғаныс саласындағы заңға өзгертулер мен жаңартулар жасалатын кез жетті дейді депутаттың бірі Ж.Жарасов.

Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: «Біздің мемлекетімізде экономикалық, саяси, халықаралық деңгейлерде өзгерістер болды. Осыған байланысты осы заңға өзгерістер енгізу талабы қазір алдымызда тұр. Әлеуметтік мәселелерді жақсарту, олардың тұрғын-үй мәселелерін шешу, балаларды балабақшалармен қамтамасыз ету мәселелері, әрбір қызметкердің әлеуметтік мәселесі шешілмесе, оның жұмысының сапалы болуы екіталай болуы мүмкін. Сондықтан ол мәселелерді өзімізге тұжырымдама жасап алдық».

«Арқанкергенде» болған жағдай Қазақ елінің заңнамасына өзгертулер енгізу қажеттігін көрсетті. Ал шекара туралы қабылданатын жаңа заң елбасының талабы бойынша, нақты, негізді, ең бастысы, түсінікті болуы шарт. 2020 әскери бөлімінің шекарашылары жаңа заң жобасына алғаш куә болғандардың қатарында. Депутаттар әскери бөлім мамандарының ұсыныс, тілектерін де сұрады. Шекарашылардың көңілінен жаңа заң жобасы шықты.