Казиноға шенеуніктер де барады

Тексеру барысында белгілі болғандай, казиноның негізгі «клиенттері» кәсіпкерлер болған
Тексеру барысында белгілі болғандай, казиноның негізгі «клиенттері» кәсіпкерлер болған

Таяуда Шымкентте қаржы полициясының қызметкерлері заңсыз жұмыс істеп келген казиноның жұмысына тосқауыл қойды. ОҚО ЭСЖҚК департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, казино қаланың «Наурыз» шағынауданындағы жекеменшік үйлердің бірінде заңсыз түрде жасырын жұмыс істеп келген.

Мұның ұйымдастырушысы жергілікті тұрғын екені анықталған. Жасырын казинода тіпті арнайы дилерлер мен қызмет көрсетуші топтағы қызметкерлер жұмыс істеген. Қаржы полициясының қызметкерлері ол жерден покер үстелін, ойын карталарын, фишкаларды және 600 мың теңге көлеміндегі ақшаны тәркіледі. Тексеру барысында белгілі болғандай, казиноның негізгі «клиенттері» кәсіпкерлер болған.

Сонымен қатар заңсыз ойын бизнесінің көрігін қыздыруға мемлекеттік қызметкерлер де қатысып отырған.

Бүгінгі таңда заңсыз ойын бизнесінің ұйымдастырушылары мен оған қатысы бар азаматтардың үстінен қылмыстық іс қозғау жөніндегі мәселелер шешілуде. Сонымен қатар, қаржы полициясы ойын бизнесі туралы нақты дерек білетін ОҚО тұрғындарына сенім телефондары арқылы хабарлауға шақыруда. Естеріңізге сала кетсек, ҚР «Ойын бизнесі туралы» Заңына сәйкес, казинолар мен ойын автоматтарының залдары арнайы белгіленген аймақтарда орналасуы тиіс. Нақтылап айтқанда, Алматы облысының Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Шортанды ауданында атқарушы органдар белгілеген орындарда ғана жүзеге асырылуына рұқсат етілген.