Оңтүстікте тұңғыш рет мемлекеттік қызметке қабылдау конкурсына бақылаушы ретінде қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты. Мұндай игі бастаманы алғашқы болып облыстық әкімдік қолға алды. Бұл конкурстық іріктеу тәртібін жетілдіру және оның ашықтығын арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Бүгін Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің ОҚО бойынша басқармасының тәртіптік кеңес қызметін қамтамасыз ету бөлімінің бастығы лауазымына кандидаттармен әңгімелесу өтті.
Бұл бос орынға 9 адам ниет білдірсе, оның 2-еуі тиісті талапқа сай келмеген. Тағы біреуі тестілеуден өте алмапты. Сөйтіп, әңгімелесуге алты адам жолдама алды. Айта кету керек, бүгінгі іріктеуге еңбек өтілі жоғары азаматтар қатысты.