Өңіріміздегі Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония ұжымы қала күні мен облыстың 80 жылдық құрметіне арнап концерттік кеш ұсынды. Атаулы даталардың үлкен мән-мағынаға ие екенін құрметі арқылы жеткізген өнерпаздар көпшілікке рухани ләззат сыйлады бұл күні.Сахнаның шымылдығын филармония әншісі Дана Мақатаева С.Бәйтерековтың әніне жазылған Ш.Сариевтің «Сарыарқа» әнімен түрді. Сонымен қатар, 15 жыл бойы өнер жолында қызмет етіп жүрген Ақмарал Биназарова да бұл тойда сахнаалдын қобалжуын орынды деп есептейді.
Ақмарал Биназарова, әнші: «Расында да қобалжып тұрмын. Себебі, екі бірдей мерекені тойлап жатырмыз ғой. Бұл сахна деген – сайысқа қатысумен бірдей қобалжу, тебіренуді талап ететін киелі орын! Сондықтан болса керек, қобалжу үстіндемін. «Бәйдібектің жайлауы» атты әнді біз қазір Г.Шорабекова, А. Нұрашев – үшеуміз орындайтын боламыз. Ең бастысы, жұртшылықтың жүрегіне жеткізе орындаймыз деген ниеттеміз. Себебі, біз дәл осы мерекеге ұзақ уақыт дайындалдық».
Сахна төріне көтерілген күміс көмейлер көпшілікті әнмен әлдиледі. Жуырда ғана Ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің қазақстаным» республикалық байқауының бас жүлдесін қанжығасына байлаған Мәдіхан Дүйсеев бұл күні С.Бәйтерековтың «Мөлдір сезім» атты әнін орындады. Өнерсүйерқауымның жүрегіне жеткізе орындаған әнші кештің сәнін кіргізді. Осылайша, халық әндері мен патриоттық әндерді шырқаған өнерпаздарға жұртшылық қошемет көрсетті. Айта өтейік, аталған кешке келушілердің қарасы қалың болды.
Зияш Ілиясова, көрермен: «Мерекелік кеш бізге өте жақсы көңіл күй сыйлады. Әншілердің жанды дауыста айтқан әндері бізге керемет әсер қалдырды. Отбасымызбен келген едік, енді міне риза болып, қол соғып тамашалап отырмыз. Алайда менің айта кететін назым бар. Осы филармония тек мереке күндері ғана халыққа концерт өткізеді. Тек мейрамдарда ғана емес, жәй күндері де бізді ұмытпаса екен. Себебі, біз өнер иелерінің өнерін тамашалағымыз келеді ғой».
Марат Бегімбетов, көрермен: «Концерт өте жоғарғы деңгейде өтіп жатыр. Сахнаны безендіруінің өзі керемет! Кешті «Сарыарқа» әнімен бастауының өзі бізді қуанышқа бөледі. Нағыз атына сай меркелік шара болды. Достарыммен келіп көріп отырмын. Сонымен қатар, мерекелі күні осындай тегін кешті халыққа ұсыну өте орынды деп білемін. Себебі, көпшілік тойды сезінуі керек қой. Ал ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз!».
Сонымен, Ұлы сазгер атындағы филармония сахнасынан 23 нөмір реті тамашаланды. Алдағы күндері өңірдің 80 жылдығына арналған кештер жалғасын табады деп күтілуде.