«Отырар» телеарнасының түлектері

623
Дина Төлепбергенова «Отырар TV» телеарнасына 20 жыл толып отыр
Дина Төлепбергенова «Отырар TV» телеарнасына 20 жыл толып отыр

20жылдық тарихы бар жергілікті телеарна «Отырар» телеарнасы бүкіл Қазақстан журналистикасы үшін тілшілерді тәрбиелеп жатқан үлкен шеберлік мектебі. Қара шаңырақтан қанат қаққандар қатарында Әлия Буриева, Дина Төлепберген, Ирина Ли, Ирина Абрамова, Жанар Барлыбаева… Бұл тізімді тізбектей берсеңіз болады. Солардың бірі де бірегейі журналист  Ерсұлтан Әмірбек. ҚазМҰУ-нің журналистика факультетін тәмамдаған жас маман еңбек жолын аудандық газеттердің тілшілігінен бастаған. 1996 жылы қазіргі «Отырар», сол кездегі «Караван» авторлық студиясына тележурналист болып келеді. Сөйтіп әліппесін «Отырар» ТА-нан бастаған тілші кейіннен «Қазақстан-Щымкент» ТА-да, кейіннен «Қазақстан» ҰА-ның ОҚО-ғы тілшісі, «Хабар» ТА-ның Өзбекстан еліндегі, Жамбыл облысындағы тілшісі болып, талай баспалдақтан өткен. Бүгінде «Шымкентфильм» студиясының директоры.

Ерсұлтан Әмірбек, журналист, «Шымкентфильм» студиясының директоры: «Негізі саналы адам туған жерін, қызмет еткен ортасын мақтап жүруі керек. Мені «Отырар» атауымен екі қасиетті ұғым байланыстырады. Ол қасиетті Отырар жерінде туылғандығым. Ал тележурналистикада тұсауымды кескен осы «Отырар» телеарнасы. «Отырар» ТА менің тележурналистикадағы әліппем. Сол үшін де ыстық. Қолыма микрофон ұстап, камераның алдында қысылып-қымтырылмай сөйлей білу секілді толып жатқан телевидение қырларын алғаш ашқан қара шаңырақ осы жер. Өзімнің түр келбетім сұстылау болғасын ба, сондай хабарларға сай болса керек, салмақты хабарларды жүргіздік. Мен «Отырар» телеарнасына 1996 жылы келдім. Сол кезде де басшымыз Валентина Куприянқызы болатын. Ол жылдары телеарна «Караван» авторлық студиясы деп аталатын. Қазіргі Қазыбек би көшесі мен Түркістан көшелерінің қиылысындағы ғимараттың 3-ші қабатында 2 бөлмеде жұмыс істедік. Бухгалтерия, әкімшілер, журналистер сол аядай екі бөлмеде отыратынбыз. Қазақ редакциясында 4 журналист бар еді. Бастығымыз Асан Келесбай, Гүлжан Пернебекова және мен, сосын марқұм әріптесіміз Гүлжахан Тұрарова болды. Бас аяғы 4 тілші «Ақпарат ағынын» жаңалықтарды жасаймыз. Оны жүргіздік те. Ол заманда қазіргідей техника тіпті түсімізге де кірмеген. Суфлер деген жоқ, жазғанымызды жаттасақ та, әйтеуір әупірімдеп айтып беруші едік эфирден. 4 журналист бір шай столы секілді стол басына жиналып алып, құжырлап, жаңалықтар бағдарламасы мен хабарлар дайындайтынбыз. Кезінде түрік елінде арнайы квотамен оқуға барамын деп арабша сауат ашқаным бар еді. Сол себеп болды да, «Ислам нұры» атты діни хабар жүргіздім. Сосын шамалы уақыттан соң Ғани Ілияев көшесіндегі 47 үйдегі ғимаратқа көшіп келдік. Зәулім сарайға көшіп кіргендей марқайып, екі адамға бір кабинеттен тиіп, мәз болып қалғанымыз бар. Ал телеарнаның қазіргі ғимаратына қарап, тіптен сүйсінесің. Не деген ғажап?! 20 жылдың ішінде осындай жетістіктерге жеткеніне қуанасың. Қазір осындағы журналистерге қарап қызығып та, қызғанып та қараймын. Неге біздің кезімізде осындай жағдай болмады? Неге біз осында зәулім ғимаратта, кең студияда жарқырап отырмадық деп ойлайсың».

Журналистпен болған сұқбатты «Оңтүстік Рабат» газетінің 43-ші санынан оқи аласыздар.