Сарыағаштықтар өз жеріне өзі ие бола алмай жүр

434
Ашынған халық бүгін облыстық сотқа келіп, әділдік іздеді.

 

Ашынған халық бүгін облыстық сотқа келіп, әділдік іздеді.

Өңіріміздегі Сарыағаш ауданына қарасты Жамбыл аулының тұрғындары егістік жерлерін даулап, қайтара алмай жүр. Өйткені жергілікті кәсіпкер ауылдағы суармалы 50 гектар жерді меншіктеп, мұнымен қоймай жұрттан ақы сұрауға көшіпті.

Облыстық соттың алдына Жамбыл ауылының жиырмаға жуық тұрғыны жиналды. Бәрінің де уайымы бір — ауыл іргесіндегі егістік жерлерді қайтсек қайтарып аламыз деп жүр. Айтуларынша, 2007 жылы «Келес» кеңшары банкрот болуға жақын деген кезде егістік жерлерді бөлу мәселесі көтеріледі. Сонда жергілікті кәсіпкер Қайрат Әуелов ауыл тұрғындарын жинап, «Жамбыл К» серіктестігін ашыпты. Соның есебінен пай үлесіне жерлерді бөліп, заңдастыруға уәде еткен көрінеді. Бұған қуана келіскен жұрт, тіпті, серіктестік басшысына он жеті мың теңге мен құжаттарын бере салған.

СӘРСЕНБАЙ ӨМІРБЕКОВ, ЖАМБЫЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Мені басшы қылсаңдар мына жерді беремін. Әрбір семьяға бір-бір гектардан аласыңдар. Әуелов Қайрат. Содан барлық семьяға бір-бір гектардан берді да мен басшымын деп өзіне документ туралады. Сонымен бәріміз соны сайладық. Ақырында келіп жерді өзі алды, да халықты шулатып жүргені сол».

Яғни жердің құжаты былай тұрсын, тұрғындар өздерінің де құжаттарын ала алмай қалған. Аудан әкімінің серіктестік мүшелеріне деп бөлген жері құжат бойынша тек кәсіпкерге тиесілі екен. Содан бері халықтың әділдік іздеп бармаған жері жоқ. Бірақ бәрі нәтижесіз деп отыр. Ал кәсіпкер қазір жерді жұртқа жалға беріп қойған. Аудандық сот та оның бұл әрекетін заңды деп таныпты.

ҚАРСЫГҮЛ ЖАНБОЛАТОВА, ЖАМБЫЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Жылда 10 мыңнан он бес мыңнан жинап алды. Сүйтті да келесі жылы 25 мыңнан бересің деді. Біз 25 мыңды қалай береміз. Балдарымыздың бәрі аш. Жалаңаш. Оны бере алмаймыз. Енді өзі документтерді заңдастырып алып, өзіне қаратып алып халықтың бәрін лақтырып кетті». 

Жамбылдықтардың жер мәселесі облыстық соттың аппеляциялық алқасында қаралды. Бірақ кәсіпкер Қайрат Әуелов сотқа қатысқан жоқ. Оның мүддесін қорғаған адвокат даулы елу гектар жердің барлығы да тек кәсіпкерге тиесілі екенін айтады. Әрі бұл жерді заңдастыруда заңбұзушылық орын алмаған деп отыр.

АБДУ ЕРМЕКОВ, КӘСІПКЕРДІҢ ҚОРҒАУШЫСЫ: «Жамбыл К серіктестігінің иелігіндегі 25 гектар жері жекеменшікке берілген. Қалған 25 гектары уақытша ұзақ мерзімдегі жалға берілген.Бұл кісілердің даулайтындай пайы, жер учаскесі жоқ. Себебі ұжымдық кәсіпорын таратылмаған.Қайта құрылған».

Ал қадағалаушы орган өкілдері кәсіпкер аудан басшыларынан жер сұрағанда серіктесік құрылтайшылары деп ауыл тұрғындарын көрсеткен дейді. Соның негізінде егістік жерлер беріліпті. Алайда бұл фактілер ауданда өткен сот отырысында ескерілмей қалған. Сондықтан келесі сот отырысына аудан әкімдігінің өкілдері мен жер бөлімі мамандарын шақыртуды сұрады. Бірақ бұл өтініш қанағаттандырусыз қалды. Енді осы мәселе бойынша апелляциялық сот жан жақты зерделеп, шешім шығарады. Ал ауыл тұрғындары болса, алған беттерінен қайтпауға бекінген. Яғни, егер бұл соттан да әділдік таппаса, жоғары сотқа шағымданбақ.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=-ZpXsx6xip8[/youtube]