Облыстағы өнеркәсібі дамыған аудандардың бірі Түлкібас ауданы десек, аузымызға алдымен Састөбе поселкесі оралатыны бар. Елімізде ең алғашқылардың бірі болып цемент өндірісін жолға қойған бұл ауылда цемент зауыты өткен ғасырдың сонау 30-шы жылдары салыныпты. Оған бірінші кезекте аумағында шикізаттың мол қорының болуы және осы маңнан өтетін темiржол себеп болса керек.
Әлемді жаппай дағдарыс жайлаған 90-шы жылдардың соңына қарай өндiрiс орны банкротқа ұшырайды. Мыңдаған жұмысшылар далада қалып, цементшілер ауылының сиқы кеткен. Састөбеліктердің бағына орай 2000 жылы түріктің «Plastik Sanayi ve Ticaret Ltd» атты компаниясы зауытты 2 млн. долларға жуық қаржыға сатып алып, жұмысты жандандырған. Арада 6 жыл өтпей жатып өндіріс ошағының қожайыны өзгеріпті. Бұл жолы Састөбе цементті Ресейдің «Базовый элемент» ААҚ сатып алып, «Sas-Tobe Technologies» ЖШС-і болып құрылады.
Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға уәде берген ресейлік басшылар зауытқа да ауылға да жан бітіргендей еді. Дегенмен уақыт өте келе зауытқа қатысты дау-дамай көбейе бастады. Ауылдың шырайын аша түседі, жолдар реттеледі деп тұрғындар қуанып жүргенде жағдай одан сайын қиындап кеткен. Жөнделмегеніне 30-40 жыл болып тоз-тозы шыққан ішкі жолдармен зауытқа келіп-кететін ауыр жүк көліктері әбден ескірген жолдың шаңын шығарып, одан сайын құрта бастапты. Әлеуметтік нысандарды жөндеуге көмек қолын созамыз деп талай алдап та кеткен. Ауыл экологиясына тигізген зияны өз алдына бір әңгіме. Шаң-тозаңға тұншыққан ауылдың жыры айтыла-айтыла жауыр тақырыпқа айналған. Ауылдың баскөтерерлері заң орындарына, прокуратураға осыны айтып талай шағымданыпты. Нәтиже жоқ. Ресейлік компанияға ешкімнің тісі батпайтын болса керек.
Баян Қоржынбаева, «Sas-Tobe Technologies» ЖШС-і кадр бөлімінің бастығы
– Мені және маған ергендерді зауыт басшылығы ашықтан-ашық қудалай бас-тады. Жұмысшыларды алдаусыратып 4-5 айдан бері айлыққа үстеме ретінде сыйақы қосып беріп жүр. Ал базалық жалақыны көтергілері келмейді. Зиянды өндіріс орны болған соң соған сай жалақының мөлшері де жоғары болуы керек. Қанша жерге осы мәселені көтеріп арыз жазғанмын. Ешқайсысының тісі батпай-ақ қойды. Былтыр «Нұр Отанның» қоғамдық қабылдауында болып, тағы осы мәселені қозғадым. Алайда бұл отырысқа зауыт басшылығынан ешкім де келген жоқ. Ресейлік басшылық ашығын айтқанда біздің билікті билік құрлы көрмейді. Меніңше тексеріп келген лауазымды шенеуніктердің қалтасына ақша салып, шығарып салады. Осылайша іс бітеді. Ал, қарапайым жұмысшылар аз ғана жалақыға жылдап жегілуге мәжбүр.
Таяуда Састөбеде тағы да үлкен дау шықты. Даудың басы «Sas-Tobe Technologies» ЖШС-і жұмысшыларының кәсіподақ ұйымын құрамыз деген бастамасынан туған. Зауыт жұмысшылары басшылықтың алдына талай мәрте кіріп, бірнеше жылдан бері айлықтың көбейтілмей келе жатқанын, денсаулыққа зиянды өндіріс орнында істегені үшін төленуі тиіс үстемақының мүлде қарастырылмағанын, тағы да басқа мәселелерді алға тартып, осыларды шешіп беруін өтініпті. Өзімбілемге салған зауыт қожайындары олардың айтқандарын құлақтарына да ілмей, қарсы шыққандарын әйтеуір бір сылтау тауып, жұмыстан қууды әдетке айналдырыпты. Осының бәрін көріп, шыдап баққан қарапайым жұмысшылардың ақыр аяғында төзімі таусылып, құқықтарын қорғау мақсатында кәсіподақ ұйымын құруды көздейді.
Қызметкерлер бірауыздан серіктестіктегі кадр бөлімінің бастығы Баян Қоржынбаеваны төрайымдыққа ұсынып, осындай ұйым ашқымыз келеді деп басшылыққа хат жолдайды. Алайда олар қызметкерлердің бұл әрекетін қолдаусыз қалдырып, кәсіподақ ұйымын ашуға рұқсат бермейтіндерін ресми түрде мәлімдеген. Біле білсек Қазақстан заңнамасына сай кез-келген мекемеде мұндай ұйымдарды ашуға рұқсат етілетіні белгілі. Тіпті бұл бүкіл әлемге ортақ заңдылық екенін жұрттың бәрі біледі. Десек те қарсы болған ресейлік басшылық ақыр аяғында Баян Қоржынбаева бастаған кәсіподақ мүшелерін қудалауды бастапты. Кадр бөлімін түгелдей қысқартуға жібереміз деп те қорқытқан көрінеді. Кәсіподаққа кіретін болсаңдар жұмыстан кетесіңдер деп ашықтан-ашық қоқан-лоққы көрсете бастаған. Арзымайтын 30-40 мың айлық алса да басқа істейтін жұмыстары болмаған соң қарапайым қызметкерлер амалының жоқтығынан солардың дегеніне көндігіп кеткен.
Жағдайдың күн санап қиындап бара жатқанына ашынған Састөбе цемент зауытының бірнеше қызметкері өткен аптада баспасөз мәслихатын өткізіп, іштерінде жатқан қыжылдарын төртінші билік өкілдерімен бөліскен болатын. Зауыттағы жаңадан құрылған кәсіподақ ұйымының төрайымы Баян Қоржынбаева әңгіме арасында зауыт аумағында орын алған неше түрлі адам шошырлық оқиғаларды баяндап берді. Айтуынша мұнда жұмысшыларды ұрып-соғу былай тұрсын, қарсы шыққан адамды ата салатын да жағдайлар тіркеле бастапты.
Өз құқықтарын қорғағысы келіп, зауыт басшылығына еңбекақы мен басқа да әлеуметтік көмектер беру туралы ұсыныс айтқандарды, забастовка жасаймыз дегендерге «бүйте берсеңдер ертеңгі күні «жаңаөзендіктердің» кебін киіп қаласыңдар, шеттерінен сотталасыңдар, атыласыңдар» деп қорқытады екен. Зауытта жұмыс істейтін 570 адам бүгіндері не істерлерін, кімнен көмек күтерлерін білмей дал болып отыр – дейді кәсіподақ төрайымы. Зауыттағы келеңсіздіктерді тізіп, құқық қорғау орындарына, үкіметке, прокуратураға басқа да ресми орындарға талай мәрте хат та жазған. Ешқайсысы бұларға тікелей жауап қайырмай, зауыт басшылығынан ғана аздап сұрау алады екен. Олар болса барлығы заң шеңберінде деп жылы жаба салатын болса керек.
Бастар Есқараев
ОҚО Бас мемлекеттік еңбек инспекторы
«Заң шеңберінде» жұмыс істеп жүрген ресейлік әпербақан зауыт басшылығы қызметкерлерді қыстыгүні 3-4 ай жалақысыз демалысқа жібереді екен. Бір айлыққа қарап отырған бейшара халық жұмыстан айырылып қалмас үшін осының бәріне төзуге мәжбүр. 3-4 жылдан бері басшылық құрамның еңбекақысы еселеп артып, жұмысшылардың жалақы көлемі небәрі 300-400 теңгеге ғана көбейтілген көрінеді. Дені жергілікті тұрғындардан құралған зауыттың жұмысшы тобын ресейлік миллиардер Дерипасконың өкілдері адам құрлы көрмейтінді шығарыпты. Кейде ұлттық кемсітушілікке дейін барады екен.
Осындай кемсітушіліктер мен заңсыздықтардан шаршаған цемент зауытының жұмысшылары кімге барып шағымданарларын білмей отыр. Өз елінде, өз жерінде отырып, басынушылық әрекеттерден әбден шаршаған. Енді қалған бар үміті Елбасыда. Бір шешсе сол кісінің ғана қолынан келеді, – дейді наразылық білдірушілер. Себебі құқық қорғаушылар мен жергілікті биліктен қайран болмаған. Осындай мәселенің бар екенін көріп біле тұра, облыс басшылығы атап өтерліктей бірде-бір көмек көрсетіп, дау-ды шешіп бере алмаған. Ресейлік алпауыт компанияға осылайша жергілікті басшылардың тісі батпай отырған секілді. Мейлінше арзан жұмыс күшін пайдаланып, мүмкіндігінше көп пайда тауып қалғысы келетін арам ниет бұрыннан бар нәрсе.
Дегенмен шетелдік компаниялардың бұлайша еліміздің заңын белден басып, тіпті ұлттық кемсітушілікке дейін баруы, ондағы қызметкерлер тұрмақ кез-келгеніміздің ашуымызды шақырды. Ашумен емес заңмен шешуге мүмкіндігіміз бола тұра, қолдан ештеңе келмеуден артық қандай пұшаймандық болуы мүмкін? Бұл өз керенаулығымыз бен, қарапайым халықтың мұңын көзге ілмеуге әдеттеніп алған тиісті сала басшылығының бұқпантайлап қалатын қорқақтығы мен ақшақұмарлығының кесірі іспетті. Себебі арызданып келгендердің шағымын біріне бірі сілтеп, ақыр аяғында жауапсыз қалдырып жатқан жағдайларды байқамау мүмкін емес.
Қалай болғанда жергілікті ел заңына бағынбаған шетелдік компаниялар істеген заңсыздықтары үшін жауап беруі тиіс. Денсаулықтарынан айырылып, жегіліп жұмыс істеп жүрген жұмысшылардың зары сол күйі еленбей қалмаса екен дейміз. Халық жағы суымызды ішіп, асымызды жеп, қалтасын қампайтып отырған ресейлік компанияға қатысты дау-дамай бұлай ушыға берсе арты қайғылы аяқтала ма деп қауіптенеді. Өзгенің емес өзінің басы жарылудан. Себебі ереуілдің арты қашанда қайғымен аяқталатыны әдеттегі жағдай болып барады. Қарапайым жұмысшылардың құқығын, елдің абыройын ойлайтын, ортақ заңды бәрінен жоғары қоятын мемлекет екеніміз рас болса қолында билігі бар шен-шекпенділерден осы бір түйткілді мәселенің ақ-қарасын анықтап, әділеттіліктің орнауына септігін тигізуін сұранамыз. Бұл жалғыз Састөбедегі емес бүкіл ел аумағындағы шетелдік компаниялардың қол астында қызмет ететіндердің ортақ проблемасы. Ортақ мәселені жабылып шеше білсек, бізге ешкімнің де тісі бата қоймасы анық.
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ