Археологтар Шымкент маңынан құнды тарихи жәдігерлер тапты. Бұл жолғы ерекшелік — жер қойнауында мыңдаған жылдар бойы сақталған дүниелердің арасынан алтын бұйымдарының табылуы. Бұрын-соңды мұндай жағдай сирек кездесетін дейді мамандар.
Біздің дәуірімізге дейінгі 2-4 ғасырға тән дүниелер… Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының мамандары 2 ай бойында тынымсыз жұмыс атқарды. Нәтижесі ауызтолтырып айтарлық. Қала маңындағы «Қорғасын» қорымының 4 қорғанынан бағалы жәдігерлер табылды.
Жанна Сүлейменова, ОҚМУ аға ғылыми қызметкері: «4 қорғанның үшіншісінде жәдігерлер көбірек табылды. Көлемі 5 жарым метр, ұзындығы 2,20 ал ені 2 метр. Осы жерден табылған алтын бұйымдар мен әшекей заттарының тарихи құны жоғары».
Сақ және көшпенділер дәуірінің жәдігерлері тарих үшін баға жетпес құндылық болары сөзсіз. Өйткені мұндай алтын бұйымдар алғаш рет табылып отыр. Бірақ бұл әшекейлер Қазақстанда жасалмаған, Жерорта теңізі елдерінен әкелінген болуы мүмкін деп болжайды археологтар.
Бауыржан Байтанаев, Ә.Марғұлан атындағы институттың директоры: «Алтын бұйымдардағы ою-өрнекке қарап, жан-жағында бейнеленген жануарлардың суретіне қарап Жерорта теңізі елдерінен әкелінген болуы мүмкін деп топшыладық. Өйткені арғы біздің ата-бабаларымыздың жаугершілік заманында Еуропа асып, әлемнің арғы бұрышына жаугершілік заманын өткергенін білеміз. Немесе сақ, көшпенділер заманындағы экономикалық, сауда-саттық қатынастардың әсері болуы да мүмкін».
Енді құнды жәдігерлер Республикалық мұражайға тапсырылатын болады.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Ud0KBI6CodA[/youtube]