«Нұрсәт» шағынауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын құтылар орнатылғанына көп уақыт өтпей жатып қирай бастады. Естеріңізде болса, осы шағынауданға қаланың өзге аймақтарында жоқ ерекше жерасты контейнерлері орнатылған болатын. Тек, әттеген-айы сол — олар ұзақ уақытқа шыдамады.
Шағынаудандағы 15 жерге орнатылған қоқыс құтылары үшін қала бюджетінен 25 млн. теңге бөлінген. Сол қаржыға «Асыл қанат» ЖШС Ресейден жер асты құтыларын сатып алып келеді. Өкінішке орай, сол құтыларға тасталған қоқысты алу жұмысшылар үшін оңай болмай тұр.
Қыруар қаражатқа құты алған қала басшылығы сондағы қоқысты тазалайтын арнайы техникаға тапсырыс та бермеген. Енді бұл мақсатқа келесі жылы қаражат бөлінгенше ерекше қоқыс құтыларының ғұмыры келте болғалы тұр. Қазірдің өзінде төрт бірдей құты өртеніп кетті. Қыстың қыр астында екенін ескерсек, қаңғыбастардың осы қоқыс маңында от жағып, жылынатыны ешкімге де жасырын емес.
Бір қызығы, қалалық ТҮКШ ЖК және АЖ бөлімі «Нұрсәт» шағынауданындағы осы қоқыс құтыларды қабылдап та үлгерген. Ал оның жанында құрылыс қалдықтары мен ескі қоршаудың шашылып жатқаны ешкімді қызықтармайды. Ең бастысы — ақша игерілді деп ақпарат берілсе болғаны.