Шымкентте тегін қазақша нұсқаға ауыстыру үшін кедергілер көп

315
Тегін ауыстырамын дегендерге кеңес берілді

 

Тегін ауыстырамын дегендерге кеңес берілді

Тегіңіздің -ев, -ов емес қызы, ұлы болғанын қалайсыз ба? Мемлекеттік тілдің тазалығы, мәдениеттің арта түсуі, сауаттылық үшін тіл жанашырлары осы мәселені көтеруден жалыққан емес. Алайда кедергілерге тап болуда. Облысымызда өткен «Тілге қолдау ата-тектен басталады» атты семинарда да бұл мәселе көрініс тапты. Жиынға келген көпшілік наразылығын бүкпесіз білдіріп отырды. Айдос Нәлібаев бүгінгі басқосуда тегін қазақша нұсқаға ауыстыру үшін 6 айдан бері сабылып жүргенін айтты. Жауапты мекемелер түрлі сылтаулар айтып, әбден сандалтқан.

Айдос Нәлібаев:»Халыққа қызмет көрсету орталығына барсам, облыстық азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне жібереді. Ол жаққа барсам, қайтадан бір бөлімдеріне жібереді. Шаршадым мен, ары-бері жүгіруден. Не деген бассыздық бұл?! Сәл де болса жауапкершілк деген болуы керек қой. Мәселен, мен сияқты қаншама адамдар құжаттарын дұрыстағысы келеді. Алайда осындай жүгіртуден шаршаған олар «-ова», «-ева» деп қалдырғанды жөн көреді. Басқа амал жоқ болып отыр ғой енді. Мұның барлығын алдағы уақытта құжатқа жауапты мекеме жауапкершілікті сезінсін, орындасын деп орайы келгенде айтып отырмыз».

Басқосу барысында құжат алудың созбалаңға салуы сауатсыздықтан екені ашық айтылды. Осылайша жауапты мамандар жұмысына салғырт қарайды деген дау көтерілісімен, халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары бар кінәні облыстық азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне артты.

Дана Тұтқабаева, халыққа қызмет көрсету орталығының қазақ тілі маманы: «Баяғыдан бізде «– ова»,» – ева» дегендер жалғасып келеді. Сондықтан бүгінде осы қосымшаларды алып тастағысы келетіндер көбейіп отыр. Көпшіліктің жаңағы айтқан шағымдары дұрыс-ақ. Бірақ біздің бұл олқылыққа еш қатысымыз жоқ. Мәселен, Садыков болса ол азамат өзінің тегін Садық немесе Садық тегі деп алғысы келеді ғой. Алайда АХАТ бөлімі бізге Садыков деп қайтадан солай көрсетіп береді. Ия, дәл солай көрсетіп береді. Қарап отырсам студенттер де бізге ұсыныстармен келеді, негізі бұл ұсыныстардың барлығын да АХАТ бөлімі шешеді. Осы АХАТ-тан кейін біз қателерін жөндеп жатырмыз. Сонымен қоса, «- оғлы» дейді ғой өзбек-түрік ұлттары соны да бізге «- оглы», « -огли» деп жібереді де мысалға, сонымен халық келіп бізге шағым айтады. Ал бұл дұрыс емес нәрсе. Мұны бірінші АХАТ бөлімі жазады, халыққа қызмет көрсету орталығына келеді, мұнда тіркеу орындалады. Жауапты АХАТ бөлімінен талап етуі керек.  Жалпы айтқанда, бүгінгі мына семинарда көтеріліп отырған мәселелердің барлығына да АХАТ бөлімі жауап береді. Бар қателікті жіберіп отырған да сол мекеме».

Заң негізінде арыз беруші арыз берген күннен бастап, 15 күн өтісімен жаңа құжатын алуға құқылы. Бірақ жауапты мекемелер бір-біріне сілтеп отыр.

Зина Балтабекқызы, ОҚО АХАТ және апостильдеу бөлімінің бастығы:»Кез келген қазақстандық өз еркімен өзі қалағандай нұсқада құжат алуына болады. Егер өзге облыста тіркеуде болса, 30 күн ішінде, ОҚО-дан болса ол азамат 15 күн ішінде ала алады. Мәселен, Садыков болса, Садық немесе Садықұлы, Садық тегі болып өзгеріске ұшырауы – заңға сәйкес өзгертулер. Ал халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері халыққа дұрыс кеңес бермеуіне байланысты, арызды дұрыс толтырмауына байланысты – осының кесірінен халық жапа шегіп отыр. Егер ол мамандар арызды азаматтардың сұрауы бойынша заңға сәйкес толтырған жағдайда мұндай мәслел туындамайтын еді. Ал АХАТ бөлімінде қате кету мүмкін емес. Халыққа қызмет көрсету орталығы дұрыс кеңес бермейді, олар өздерінің атын ақтау үшін АХАТ бөліміне жала жабуда. «- ұғлы»-ны, «- угли» деп жазуы мүмкін емес! Себебі, арыз қабылдау бөлімінде біздің білімді де білікті қазметкерлеріміз отыр. Сондықтан халыққа қызмет көрсету орталығының қателігіне біз жауап бермейміз».

Екі тарап бір-бірін кінәлап жүргенде өңірдің 100-ден астам тұрғыны тегін қазақшалауға арыз беріп үлгерген. Алайда, жауапты мекемелер өз қызметін дұрыс атқармайынша, жұрттың жүгіргені жалғасатыны анық.