Шымкентте есігінің алдында арығы жоқ үй бар. Оның тұрғындары күзгі жауын-шашында баспанамызды су басып қала деп қауіптенеді. Оған негіз де жоқ емес. Көктемде еріген қар суы үйді басып, тұрғындарды біраз әбігерге салғаны бар. Енді сол жағдай тағы да қайталана ма деп қауіптенген жерлестеріміз қолдарына күректерін осы бастан алуға мәжбүр.
Аркадий Яковливич жыл сайын үйінің төңірегінде арық қазумен әлек. Алайда, зейнеткердің бұл еңбегін бір жауынның суы шайып кетеді. Өйткені Быковский көшесінің бар суы осы аулаға келіп жиналады.
№5 үйдің шыдамы таусылған тұрғындары арық қазып беруді талап етіп, талай есіктің табалдырығын да тоздырған. Алайда, қариялардың шағымын тыңдар құлақ болмай жүр.
Аркадий Яковливич, №5 үйдің тұрғыны: «Мен өз басым әкімшілікке де бардым. Жауапты азаматтардың ертеңі таусылмайды. Ал біз көктем мен күз келе салысымен жауын суының астында қаламыз».
Кеңес Одағы кезінде салынған 12 пәтерлі үйдің тұрғындары соңғы жылдары тағы бір проблемаға тап болған. Мына қараағаштың тамыры үйдің іргетасын қопаруда. Мұндағы тұрғындардың оншақтысы — мүгедек жандар, ал қалғандары зейнеткерлер.
Ал Әл Фараби әкімшілігінің өкілдері Быковский көшесіндегі 5-үйге талай рет барғандарын айтады. Алайда, адамдардың ауызбірлігі болмайынша, ол ағаштарды кесу мүмкін емес секілді.
«Біз ол үйге бірнеше рет, қатарынан бардық. Үйдің тұрғындары өзара келісімге келе алмай жүр. Бірінші қабаттағылар ағаш бізге көлеңке десе, екінші қабаттағы тұрғындар өзге мәселені айтады. Сол себепті де әлі күнге дейін бұл проблема шешілмей отыр. Ал діңгегі қандай болса да ағашты ешбір кедергісіз қопаруға құралдарымыз жетерлік»,- дейді Әл-фараби әкімшілігінің өкілі.
Қазан айына дейін бұл азаматтардың жұмысы жетерлік. Кезек жетсе, қарияларды мазалап жүрген үш ағаш та кесілер. Ал арық мәселесі сол күйінде қалып отыр. Алда жауын-шашынды күндер, ол дегеніміз — қарияларға қолдарына күрек алып, арық қазуға өздері кірісуден басқа амал жоқ.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Ax2Gb5659tU[/youtube]