Тележурналистер шеберханасы

«Отырар» телеарнасы
«Отырар» телеарнасының бас редакторы Зәуре Оралбаева

Оңтүстікте тәуелсіз телеарналардың көшбасында «Отырар» телеарнасы тұр. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін-ақ сөз бостандығы мен жариялылықты ту етіп көтеріп, қоғамның шынайы бет-бейнесін көрсетуді басты мақсат еткен редакция ұжымы бүгінде мерейлі 20 жылдық белесті бағындырып отыр.

Осынау атаулы датаға орай «Отырар» телеарнасының бас редакторы Зәуре Әбдухамитқызы Оралбаеваны сөзге тартқан едік.

– Зәуре, бүгінде көпшіліктің көзайымына айналған «Отырар» телеарнасы бастапқыда басқаша аталғаны белгілі. Ел арасында телеарна тарихын жіті біле бермейтіндер көп. Соларға аз-кем редакцияның құрылу тарихынан сыр шерте кетсең…

– Иә, расында да көрермен қазіргі таңда «Отырар» телеарнасы деп танитын электронды БАҚ алғаш рет 1992 жылы “5-ші канал” деп аталды. Көпшілік осылай қабылдаған телеарнаның басшылығында, құрылтайшылығында жергілікті кәсіпкерлер Аваз Юнусметов, Давлетбаев, Алиев есімді азаматтар тұрды. Телеарнаны ашу, қаржылай қолдау көрсету, басқа да оның шығармашылық деңгейін көтеру, көрерменнің көзайымы ету оңай шаруа емес. Мұны көзі қарақты көрермен сезетіні ақиқат. Сондықтан да Шымкенттегі сол жылдары құрылған ең алғашқы жекеменшік арнаның өркендеуіне бүгінде республикалық «Казахстанская правда» газетінің ОҚО-дағы меншікті тілшісі болып қызмет ететін Любовь Доброта, Германия елінде деректі фильмдер жасаудың шебері атанып жүрген, тәуелсіз телеоператор Сергей Бергардтың да болғанын атап өткім келеді.

– Айта кетсеңіз, оқырманға қызық қой, сол кездері «5-каналды» эфирінен қандай бағдарламалар көрсетілуші еді? 

– Ол уақытта телеарнада тек «Құттықтаймыз» және «Саз әлемі» сияқты көңіл көтеретін сазды-ақпаратты бағдарламалар, кинофильмдер ғана көрсетілген.

– Содан…

 

Телеарна директоры  Валентина Куприяновна Куликова

– Содан, барлығы да қазіргі басшымыз Валентина Куприяновна Куликова келген соң жандана бастады деуге болады. «Собкор» ЖШС-нің директоры ретінде В.Куликова телеарна тізгінін 1992 жылдың аяғында қолға алады. Содан бері, міне, көрерменге жылдар өткен сайын тың тақырыптарды, жаңа бағдарламаларды ұсынып келеміз.

– «5-канал» болып тұрғанда телеарнаның қазақ тілінде сөйлегені есімде қалмапты. Сонда қазақ тілінде ақпарат тарату ісі осы В.Куликованың басшылыққа келуімен байланысты болғаны ғой?

– Ия, телеарнаның тізгінін ала салысымен-ақ Валентина Куприяновна ақпараттарды, хабарларды екі тілде тарату мәселесіне жіті көңіл бөлді. Тіпті, келе-келе үш тілді телеарнаға айналған кезіміз де бар. Естеріңізде болса, «Ақпараттар ағыны» арнамызда қазақ, орыс, өзбек тілінде де жарық көрді. Дегенмен, телеарна жекеменшік болғандықтан, өз күнімізді өзіміз көріп, мемлекеттен анау айтқандай қаржы бөлініп жатпағандықтан, қаржылық, демеушілік қолдау көрсету ісіне байланысты өзбек тілді хабарлар мен ақпараттар бағдарламасы әзірге тоқтап тұр.

– Телеарнада негізі елге ең алдымен тілшілерден бұрын жүргізуші-дикторлар танылатыны белгілі. Көп ретте ақпараттың құлаққа жағымды жетуіне де осы дикторлардың сіңіретін еңбегі зор. Олай болса, телеарнаның ең алғашқы жүргізуші-дикторлары кімдер еді?

– Алғашқы дикторлардың қатарында Ирина Оимахтың (қазіргі таңда ол Ресейдегі танымал тележурналистердің біріне айналды), Жанар Барлыбаеваның («Астана» телеарнасының ОҚО-дағы тілшісі) есімдерін атап өту керек. Ал телеарнадағы қазақ тіліндегі жаңалықтарды алғаш рет жүргізген Гүлжахан Тұрарова болатын. Ол өкінішке қарай, қазір арамызда жоқ, өмірден ерте озып кетті.

«Отырар» телеарнасы

Жалпы телеарнада өзіндік із қалдырған бұрынғы барлық әріптестерімізбен редакция үнемі тығыз байланыста болып отырады. Олар Шымкентке келгенде міндетті түрде «Отырарға» бас сұқпай кетпейді. «Төркінім» деп сағынып жететін әріптестеріміз көп.

– Сөзіңіздің жаны бар, негізі «Отырар» телеарнасын «тележурналистер ұстаханасы» деп жатады.

– «Отырар» телеарнасының журналистер ұстаханасы екені рас. Осы 20 жыл ішінде аймақтық телеарнада бейнесюжеттің қалай жасалатынын, ақпараттың қалай алынып, шұғыл түрде көрерменге жеткізудің маңызды екенін үйренген тілшілер тәжірибесін шыңдап, көрермен мен оқырманға танылып, республикалық телеарналарда жұмыстарын жалғастыруда. Көрермен оларды жақсы таниды. Ол – Дина Төлепбергенова, ол – Илхам Ибрагимов, ол – Бекжігіт Мәуленов, ол – Евгений Дробязко, ол – Мәди Манатбек, Ол – Базаркүл Отыншиева… санамалайтын болсақ өте көп. Еңбек жолын «Отырардан» бастағандар тіпті шетелдерде де қызмет атқарып жүр. Оларды біз мақтан тұтамыз.

– Айтыңызшы, 20 жыл бойына эфирден түспеген тұрақты бағдарлама бар ма? Сонымен бірге көрермен әдетте қай бағдарламаларды жиі көреді деп ойлайсыз? 

– 20 жыл бойы эфирден түспеген бағдарлама жоқ. Ал көрерменнің көкейінен шығып жүрген бағдарламалар жетерлік. Мәселен, апта сайын эфирге шығатын, шымкенттіктердің көкейіндегі түйткілдерді билікке жеткізіп, жауабын алып, елдегі жаңалықтарды жеткізіп, халықты ақпараттандырып отыратын апталық «Қала» бағдарламасын атауға болады. Бұл бағдарламаның жарық көргеніне биыл 14 жыл болды. Оның алғашқы авторы, жүргізушісі Әлия Буриева болатын.

Онан соң апталық қорытынды хабарды марқұм Гүлжахан Тұрарова жүргізді. Менің де кей жылдары осы бағдарламаны дайындап, жүргізгенімді көрермен жақсы біледі. Айта кету керек, мен телеарнаға 1997 жылдың аяғында аудармашы болып қызметке келгенмін. Қазір «Қала» бағдарламасын тілшіміз Нұрлан Жаңабай дайындап, бұл бағдарламаны көрерменмен жүздестіріп отырады.

«Отырар» студиясы

– Сіз өзіңіз жүргізетін «Әйел өмірінен» телебағдарламасының да көрермені көп екенін білуші едік. Осы бағдарлама «неге жоғалып кетті?» деп сұрайтындар көп. Бұған не дер едіңіз?

– «Әйел өмірінен» бағдарламасы «Отырар» телеарнасының бірегей хабары болғанын айтып көрермендер әлі де жиі хабарласатыны рас. Бағдарлама алғаш рет 2000 жылы 8 наурызда эфирге шықты. Осы аралықта бағдарлама әйел-анаға қатысты облыстық, қалалық, республикалық түрлі байқаулардың жеңімпазы, ақшалай гранттардың иегері болды. Бағдарламаны тек өңіріміздің ғана емес, еліміздің өзге облыстарының көрермендері үшін де ұсынған кезіміз болды. Олардан да жылы пікірлер алып жаттық. Дегенмен, әрбір істің өз мақсатына жеткен шегі болады емес пе? Оның үстіне телеарнада жазылмаған заңдылық бар. Айтар ойын айтқан, өз міндетін орындаған бағдарламаның орнын жаңасы басады. Сол себепті «Әйел өмірінен» бағдарламасы 2011 жылы 22 наурызда соңғы рет эфирге шықты. 11 жыл үздіксіз шығу бір бағдарлама үшін өте үлкен мерзім. Бағдарлама қоғамға қажет екені даусыз. Алайда, ары қарай бір сарында оны жалғастыру мүмкін емес. Сондықтан, қазір ол тек «Аруларға арналған ақпарат» деген айдармен жаңалықтар топтамасы ретінде ғана шығып жүр.

– Дегенмен, көрермен осындай бағдарламалар алдағы кезде бола ма деп сұрайтыны бар. Алдағы күннің жос- парларымен бөліссеңіз…

– Жоспар көп. Қайсыбір жобаны қолға алмайық, ең алдымен көрерменге пайда беретін, көрерменнің көзайымына айналатындай етіп шығарсақ деп мақсат қоямыз. Барлығын ашып айтпасам да телеарнада алдағы кезде, әсіресе, жастарға арналған бағдарламалар, танымдық хабарлар эфирге шығатын болады. Көрерменнің бұл жаңа бағдарламалармен қауышатын күн алыс емес.

– Көптеген телеарналар күз келгенде бет-бейнесін ауыстыруға құмар. Жаңа жобалар, жаңа хабарлар, ток-шоулар… Сіздерде қалай? Күз өтіп барады, көрерменге жаңадан не ұсынбақшысыздар?

– Әрине, біз де жаңа бастамалардан шет қалғымыз жоқ, ток-шоу хабарларын шығаруды қарастырып жатырмыз. Алайда, «Отырар» телеарнасының тұрақты көрермендері біледі, біздің ұжым әр мереке, атаулы күндерде жаңа жобаларды ұсынуды дәстүрге айналған. Көрермендер оны асыға күтеді. Алдағы айларда қазақтың ұлттық тағамдары, оның пайдасы туралы жаңа жоба мен «Қоғамдық қабылдау» атты жаңа хабарды ұсынбақпыз. Қандай стильде шығатынын көрермен өз уақытында көре жатар. Әзірге құпия болып қалсын.

— Әңгімеңізге рахмет. Ұжымыңызға шығармашылық табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан Ж. Жайлаубекқызы