Жәрмеңке бағасы шымкенттіктердің көңілінен шықпады

382
Жәрмеңкеге келушілер қатары көбейді
Жәрмеңкеге келушілер қатары көбейді

Облысымыздың 80 жылдық мерей тойы қарсаңында өткен жәрмеңкеге өңіріміздің үш ауданы, атап айтсақ Төлеби, Арыс, Ордабасы қатысты. Арзан бағадағы азық-түлік пен ет және сүт өнімдері шымкенттіктердің көңілінен шықпанған көрінеді. Өзге жәрмеңкелерді былай қойғанда, базар бағасынан айырмашылығы жоқ дейді. Оған өнімдердің бірсалалығын тағы қосыңыз.

Десе де диқаншылар шымкенттіктердің уәжі негізсіз деп отыр. Айтуларынша, азық-түлік пен ет өнімдерін көптеп әкелген.

Ет өнімдері 800-1000 теңге аралығында сатылды

Оның үстіне бағасы да базар нарығынан 15-20 пайыз арзан дейді. Өйткені облыс әкімдігі арнайы талап еткен екен. Сондықтан да алушылардың наразылығы орынсыз көрінеді.

Ермек Сатенов, Ордабасы әкімінің орынбасары: «Бәріне бірдей жағу мүмкін емес. Мол өніммен осында келдік. Арзан әрі сапалы құс етімен, шошқа еттерін қалта көтерерлік бағада сатып жатырмыз. Таңертеңнен бері келушілер көп болды. Қызанақ, қияр, қырыққабаттар өтіп те кетті».

Ал бес қойдың етін әкелген шаруаның бірі Несіпбек Мұсаев. Жәрмеңкеде 140 келідей етінің бір келісі 800 теңгеден сатқан. Қазір төрт қойдың еті өтіп кетіпті.

Несіпбек Мұсаев, Төлеби ауданынан келген шаруа: «Ауылдың етін қаладағылар аңсайды. Қолдан келген істі, өзгелерге тегін емес, ақшасына сатып жатырмыз. Жақсылығын көріп, нәпақасын жеп отырған соң, неге сатпасқа. Осындай жәрмеңкелерде арзан бағаға сатып жатырмыз. Табысымыз да жаман емес».

Ауылдың көкөнісі көпшіліктің қалтасына салмақ түсірмеді

Қымыз-қымыранымен ат артып келген Майра Әбдіхалықованың бұл жәрмеңкеде саудасы жақсы болған. Сондықтан да осындай жәрмеңкелер көптеп ұйымдастырылса дейді.

Майра Әбдіхалықова, сатушы: «Қымыздың литрін 200, ал кесесін 150 теңгеден саттық. Таңертең адам көп болған. Мұндай жәрмеңкелерде ағарған қалмайды, бәрі сатылып кетеді».

Мұнымен облыстың торқалы тойына арналған жәрмеңке бітпесі айқын.