Шымкенттегі балабақшалардың бірінен ши шықты. Қала тұрғыны Сапаркүл Қапланова «Қызымды балабақшада ұрып тастады» деп шағымданып жатыр. Айтуынша 2 жасар қызына балабақшада қол жұмсаған. Бірақ мектепке дейінгі білім беру мекемесінің өкілдері болса бұл жала деп өздеріне шаң жуытқысы жоқ. Сапаркүл Қапланбекова өзін қоярға жер табар емес. Қызымды балабақшаға білім алсын деп жіберсем, беті көгеріп келді дейді. Ашуға булыққан ол балабақшаға жетіп барады. Меңгеруішінің айтқанын естіп, жағасын ұстаған.
Сапаркүл Қапланбекова, анасы: «Меңгерушінің айтқан жауабы: «Қыздар, бізде бала саны көп. сендер де түсініңдер, үлгере алмайды олар» деді. Үлгере алмаса қой бағып жүрген жоқ қой олар дедім. Сосын медсестрасын шақыртты. Ол бетінің ісігі басылсын деп гельді жағып берді».
Біз мән жайды білмекке барғанда бақша меңгерушісі еңбек демалысында болып шықты. «Қалай ұрады титтей сәбиді… Ол құлап қалған… Балаға қол көтеру деген мүмкін емес нәрсе… «-деп күмілжіді бала бақша әдіскері.
Тәрбиешінің қолы жұдырықтай сәбиге қалай көтеріледі деп шырылдаған «Шамшырақ» бала бақшасының әдіскері тәрбиешінің жұмыста жоқ екенін алға тартты. «Тәрбиешілер кезекпен яғни ауысыммен жұмыс жасайтынын білесіздер. Саида апай түстен кейін келеді. Қазір оны таппайсыз»- деген әдіскердің сөзіне сеніп, кейін қайтар ма едік, кім білсін?! Бірақ тәрбиеші сол уақытта жұмыста болған. Түсіру тобының бейнекамерасын көре сала қаша жөнелді. Әдіскердің әдейі жалған сөйлегені де көңілге селкем салды.
Бала бақша ұжымы бірауыздан тәрбиеші Саида апай 20 жылға жуық уақыт бала тәрбиесімен айналысып келген өнегелі қызметкер екендігін айтуда. Мұндай сорақы жағдай ақылға сыймайды дейді олар.
Насиба Тәңірбергенова, бала бақша бухгалтері: «Қандай керемет ұстаз. Мүмкін емес.. Осы уақытқа дейін бірде бір ата ана шағым айтып келген емес. Жоғары дәрежелі педагог».
Бірақ 20 жылдық еңбек өтілі бар өнегелі тәрбиеші камерадан тыс жерде басқаша сөйледі деп сендіреді кішкентай Салиманың анасы Сапаркүл.
Сапаркүл, анасы: «Менен келіп тәрбиешінің өзі бейсенбі күні кешірім сұраған. Енді мойындамай отыр…»
Оқиға болған күннен көп ұзамай ата-ана бүлдіршінге сот медициналық сараптамасын жасатады. Қорытындысы жарақатты жоққа шығармайды дейді ана. Түймедейді түйедей ету емес, мақсатым бұл жай кейін де сабақ болса деймін дейді анасы.
«Негізігі мақсатым, енді ондай қайталанбасын… Тәрбиешілерге сабақ болсын деймін Әйтпесе маған да оңай емес. Менің 4 бала-шағам бар. Сәлима кішкентайым. Әл-Фараби аудандық ІІБ мен прокуратурасының арасында сандалып жүргенім де сондықтан…»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=e5XgOs5f09M[/youtube]