Айгүл Иманбаева… Тыңдарман қауымға таныстырып жатудың өзі артық болар. Бір басында бірнеше өнері жетіп артылатын, қазақтың иманды да, ибалы қыздарының қатарынан саналатын сахна саңлағы алдағы уақытта тыңдармандарын тың жаңалықтарымен тағы да қуантпақ. Өнер әлемінде өзіндік өрнегін салған нәзік жүрек иесі жуырда жаңа бейнебаян түсіріп, одан басқа тағы бір қырымен танылмақ ниетте. Ән айтудан бөлек, аспапта ойнап, көрерменінің көзайымнына айналуды көздеп отыр. Шымқалаға келген бір сапарында Айгүл Иманбаевадан сұхбат алудың сәті түскен еді. Талантымен талайларды тамсандырып жүрген Айгүл ханым өз жаңалықтарымен бөлісті.
– Айгүл, шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?
– Аллаға шүкір, шығармашылығымда жаңалық көп. Ең алғашқы концертімді 2007-ші жылы Республика сарайында берген едім, содан бері 5 жыл өтіп кетіпті. Екінші шығармашылық концертімді биылғы маусым айының 2-жұлдызында Астанадағы «Конгресс Холл» сарайында жанды дауыспен, вокалды аспаптар ансамблімен бердім. Ал 2013-ші жылдың мамыр айында Алматыдағы Республика сарайында берсем деп жоспарлап отырмын. Алла бұйыртса, симфониялық оркестрмен және вокалды аспаптар ансамблімен жанды дауыста ән шырқаймын. Осы шығармашылық концертке, сонымен бірге, Айгүл Бажанованың жаңа әніне бейнебаян түсіруге дайындалу үстіндемін. Жаңа бейнебаян, жаңа бағыт, жаңа стиль бәрін өзгертейінші деген жоспарым бар.
– Сол бейнебаяныңыз туралы толығырақ айтып өтсеңіз.
– Қазіргі таңда клубтық әндер көптеп жазылуда, бірақ олардың бәрі бір-біріне ұқсап кетіп жатыр. Алматыда клубтық әнді басқаша етіп жаздырғың келгеніңмен өңдеушілер өзге әндерге ұқсатып жіберуі мүмкін. Сондықтан да Мәскеуде жаздырып көрейік деген оймен, әнді сонда жібердім.
– Журналымыздың алдыңғы нөмірінде Алтынай Жорабаевамен сұхбаттасқан болатынбыз. Сонда ол кісі Айгул екеуміз концерт береміз деп айтқан еді. Бұл жайлы сіз не дейсіз?
– Алтынай екеуміз де шығармашылықтың адамымыз. Арамызда бөле алмай жүрген ештеңе жоқ. Оны баяғыдан айтып келе жатырмыз. Біздің қазақтың менталитетіне біткен нәрсе болар, бір әңгіме естіп, оны басқаша етіп түрлендіруге шебер халықпыз. Сөздің шындығына көз жеткізіп алмай тұрып ойдан, шындыққа бергісіз нәрселерді шығарып аламыз. Айгүл Сәбиттің бірінші әйелі, Алтынай екіншісі деп неше түрлі сипаттағы әңгімелермен арамызға от салып жатқан өсектерді құлағымыз шалып тұрады. Мүмкін халыққа қызық та шығар, бірақ, мұндай қауесеттер біздің көңілімізге тиіп кетіп жатады. Қайталап айтайын, Алтынай екеуміз де өнер адамымыз, илегеніміз бір терінің тұшпағы. Ешуақытта араздасқан кезіміз болған емес. Сондықтан біз ақылдаса келе бірге концерт берейік деп жоспарладық. Неге бірігіп концерт бермеске? Оның алдында, осыдан 7-8 жыл бұрын Астананың 10 жылдығында екеуміз дуэт айтып шығамыз деп ойлағанбыз. Алтынайдың да қолы тимеді, әрі кішкентайлы болуына байланысты реті келмей кетті. Енді осы жолы толық қолға алып, бірге концерт беруді жоспарлап отырмыз. Алдымен Талдықорған қаласынан бастап, одан кейін Тараз қаласына, ары қарай Шымкентке барамыз деп жоспар құрып қойған болатынбыз. Бір қызығы, жоспар құрдық, бірақ, бір-бірімізді әлі көре алмай жатырмыз. Алтынайдың гастролдік сапарлардан қолы тимейді, менде де сол жағдай, түсірілім, гастроль, дайындық. Әйтеуір сәті келмей жатыр, әзірге концерт туралы жоспарымыз уақыттың еншісіндегі дүние болып тұр.
– Концерттеріңіздің ұйымдастырушысы кім болады? Сәбит аға емес пе?
– Жоқ, жүргізуші өзіміз боламыз, әнді де өзіміз айтамыз. Тек билетті өткізу жағынан ұйымдастырушымыз бар.
– Ұл өсіріп отырған аяулы анасыз. Алайда, көбіне сыртта жүресіз, балаңызға қаншалықты көңіл бөлесіз?
– Ия, 14 жасар Асылжан есімді ұлым бар. Алматы қаласындағы қазақ-түрік лицейінде 8 сынапта оқиды. Мінезі бір тоға, көп сөйлемейді. Бұзықтығы жоқ, мінезі сабырлы. Кішкентайында бәрі әкесіне ұқсататын, өскен сайын маған ұқсатушылар көп, мүмкін көңіліме қарап айтатын болар. Үйде болмаған кездерімде жоқтығымды білдірмей анам баламның тәрбиесін қадағалап отырады. Ал қалған уақыттарда қолым тимей кетсе телефонмен хабарласып, жағдайын, сабағын сұрап, қадағалап отырамын. Ұлым ақылды, тапсырмаларымды бұлжытпай орындауға дағдыланған. Лицей болғандықтан таңертеңнен кешкі дейін сабақта, барлық сабағы ағылшын тілінде. Сабағынан шығады да шынығуға кетеді. Одан келеді де үй жұмысын орындайды. Құдайға шүкір, балам тәрбиелі, тәртіпті болып өсіп келеді, кешке дейін басынан тоқпақтатып отыратын балалардың қатарынан емес. Осы баланың болашағына алаңдап, жалғызыма Құдайдан ұзақ та мәнді өмір тілеп отырамын.
– Әкесімен араласып тұра ма?
– Әрине, әкесімен де, төрт қарындасымен де араласып тұрады. Ата-ананың бір-бірімен тіл табыса алмағанына баланың ешқандай кінәсі жоқ. Ақымақ әйелдің қатарынан болып, баланы талан-таражға салғаннан не шығады. Елі, жұрты, тұқымы әкесі емес пе? Әке мен перзентті араластырмай, бөлген өте үлкен қателік болар еді. Баланың психологиясына да кері әсерін тигізеді деп ойлаймын.
– Өзіңіз ақылына көркі сай арулардың қатарынансыз, тұрмыс құру ойыңызда бар ма?
– Оны Алла ғана біледі. Құдайдан үміті бар адаммын, бұйрық болса, орындалмайтын нәрсе жоқ.
– Сізді актриса, әнші, тележүргізуші ретінде білеміз. Алдағы концерттеріңізде тағы қандай қырыңыздан көре аламыз?
– Музыка мектебінде баян сыныбын бітіргенмін. Продюсерім Баян Есентаеваға алдағы болатын концертке скрипкашы Жәмила Серкебаева екеуміз жақсы бір шығарманы халық назарына ұсынсақ деген ұсыныс тастағанмын, мен – баянда, Жәмила – скрипкада. Баян ойланып көрейік деді. Домбыра мен баянда ойнай аламын, бірақ халық алдына аспап ойнап шықпадым, осы қырым ашылған жоқ.
– Жеке театрыңыз бар екенін білеміз, сол жайында айтып өтсеңіз.
– Айгүл Иманбаеваның музыкалық театр орталығы бар. Театрда вокалды- аспапты «Достар» деген ансамбль, театр актерлері және өзім жұмыс істеймін. Биылғы жылы Украинада өткен халықаралық театр фестивалінен бас жүлде алып келдік. Бірінші орынды Ресей алды, екінші орынды Украина, үшінші орынды Польша алды. Бұл байқаудан соң қараша айында Польшаға шақырту алдық. Театрымыздың екінші маусымы 21-ші қазанда ашылады. Театр қызу дайындық үстінде. Жақында Түркменстаннан жаңа режиссер шақырып, «Жаңа құдалар» деген спектакль қойдырып жатырмыз. Ең бастысы, 2013-шы жылы берілетін концерттің дайындығына кірісіп кеттік.
– Достық ұғымын қалай түсінесіз? Өнердегі достарыңыз кімдер?
– Өнерде жүрген барлық әріптестеріммен жақсы араласып, сыйласып тұрамын. Бәріне тілекшімін. Көрген жерде сәлеміміз түзу. Ал менің достарым саусақпен санаулы ғана. Үш досым бар. Біреуі – Ақтауда, екеуі – Алматыда. Назгүл, Гюль, сосын Айнагүл деген бала кезімнен бері келе жатқан досым бар. Сырымды да мұңымды да осылармен бөлісемін.
– Сіздіңше, бақыттың сыры неде?
– Біреулер бақытты жар сүю, бала сүю деп ойлайды, ол да дұрыс. Менің ойымша, бақыт деген – жүрегіңнің тыныштығы. Ұйқың тыныш, уайымың жоқ болса, міне, сол – бақыт.
Сұхбаттасқан Гүлбану Сұлтанова.