«YouTube-жоба жасау жоспарым бар» – Дәурен Әбиев

676

Көпшілік Дәурен Әбиевті «Шаншар» театрынан таныса керек. Өнер жолын театр сахнасынан бастаған Дәуренді телесериалдардан да жиі көріп жүрміз. «Біздің сұхбат» айдарында әртістің өнер жолы мен жеке өмірі туралы біраз сұрағымыздың жауабын білдік.

– Дәурен, қазір қайда, қандай қызметте екеніңізді білеміз. Десе де өзіңізден тағы бір естісек?
–Қазір Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрында әртіспін. «Шаншар» театрында жұмыс істеймін. Фильмдерге түсемін. Былтыр «Үлкен үй» сериалына түстім. Биыл «Күзет» деген жаңа сериалға түсіп жатырмын. Сосын «той бар» деген сияқты. Үнемі қарбаласпын.

– Театр сахнасына шыққалы біраз рөлді сомдадыңыз. Жаныңызға ең жақыны деп қай рөлдерді айтасыз?
– 2009 жылы 9 қыркүйекте «Шаншар» театрына жұмысқа қабылдандым. Содан бері театрдамын. Әр жылда кемі 4-5 спектакль қоямыз. Кем дегенде үшеуіне қатысамын. Кейде сол қойылымдардың барлығынан рөл бұйырады. 10 жылдың көлемінде 25-тен аса кейіпкерді сомдаппын. Сол рөлдердің бәріне бірдей қарадым. «Жаныма жақын рөл» деген жоқ. Режиссер қандай рөл берсе, соны білімім жеткенінше, қолымнан келгенінше сомдап шығамын. Әрине, әр рөлдің салмағы болады. Қай-қайсысына да үлкен жауапкершілікпен қарап, үлкен дайындықпен келемін. Сол рөлдерді қаншалықты деңгейде алып шыққанымыздың бағасын қашан да халық береді.

– Бүгінде стендапер яғни дара шығып, монолог айту көп. Олардың аудиториясы да ұлғайып келеді. Стендапер ретінде қалыптасу жоспарыңыз қалай?
– Дәл қазір стендапер болу жоспарым жоқ. Алдағы уақытта Жаратқан зейінімізді ашып жатса, бола жатар. Әр адамның бойында Жаратқанның берген өз таланты болады. Бірі театр сахнасына арналса, енді бірінің өнері монолог оқуға жақсы келеді. Жұрттың бәрі монолог айта алмайды. Мысалы біздің Жүсіп ағамыз да монолог оқымайды. Бірақ ол кісі ойнауды қатырады. Сондықтан әрбір әртістің жамбасына тура келетін, атқара алатын бағыты бар. Сол сияқты менде де монолог айту қатты дамымаған.

– Көбіне көп сахнада өнер көрсетіп, тележобаларға түсесіз. Қазір ютуб пен инстаграм бар. Ол жақтың аудиториясы да көп. Ютуб немесе инстаргамда жеке вайнер ретінде танылу, вайндарға түсу туралы ойлайсыз ба? Ютубқа арналған видеопроектілерге, қатысып, не өзіңіз сондай видеожобалар жасағыңыз келе ме?
– Дұрыс айтасыз. Бұл – өте орынды сұрақ. Қазір тележобаларға түсіп жүрміз. Дегенмен, ютуб, инстаграм қатты дамып жатыр. Оны бәріміз көріп, білім отырмыз. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» демекші заманға қарай бәрібір бейімделетініміз анық. Қанша жерден «ой, ол керек емес, осы жолмен-ақ жүре берейін» десе де, заманға, сұранысқа сай ығыспасаң болмайды. Мысалы, бұрын самаурынмен шай ішетін адамдар қазір «тефалмен» шай ішіп кетті. Қазір жылдамдықтың заманы ғой. Әлеуметтік желіге арнап видео түсіру ойымда жүр. Қазірден жақсы жігіттерді жинап жатырмын. Инстаграм, ютубқа арналған жоба жасап, сол жаққа ығысу жоспарымыз бар.

– Келесі сұрақ та алдыңғы сұрақтан туындап отыр. Бүгінгі аудитория қажет қызығын яғни ютуб, инстаграмнан да табады. Театрға адамдардың келуіне көңіліңіз тола ма?
– Қазір театрға адамдардың келуіне көңілім толмайды. Біздің ғана театр емес, қай театр болсын, адамдардың өнер ошағына келуі сиреген. Адамдар, «ертең бәрібір ютубқа шығады ғой, телефоннан-ақ көре салам» деп ойлайды. Кім де болмасын, қашан қарасаң да уақыт жоқ. Театрға келмеуге осы жағдай себеп болуы мүмкін. Көбі осындай себептерден бармайды. Сондықтан да сұраныс бар жақта өнер көрсету маңызды. Ал мемлекеттік театрлардың жұмысы жүре береді.

– Соңғы кезде асаба ретінде де танылып жүрсіз. Көбіне қандай тойларға шақырту аласыз, құпия болмаса гонарарыңыз қанша?
– Қазақта той көп қой, баяғыдан. Жүсіп көкем айтқандай, бүгінде тіпті көбейіп кетті. Қазір кез келген адам әр жасында мерейтой тойлайды. «Бұрын ел қызметінде болған адамдар тойлайтын» дейді ғой үлкендер. Той өте көп. Той таңдамаймын. Қандай тойға шақырту алсам бара беремін. Ал гонорарға келсек, өкіметтің белгілеп қойған айлығы емес. Қазақ болғандықтан адамдардың жағдайына қарай келісіп, шыға береміз. Кейде жақындарымызға, жағдайы өте нашар адамдарға тегін баратын кездеріміз де болып тұрады.

– Өнер жолында кімдерді өмірлік ұстаз санайсыз?
– Менің алғашқы өмірлік ұстазым – белгілі режиссер Райымбек Сейтметов. Алғаш рет сол кісінің қолынан өнерге қадам бастым. О, кісінің қабылдауымен келдім бұл салаға. Кейінгі ұстаздарым Уәлибек Әбдрайымов пен Жүсіп Ақшора ағаларымыз. Осы екі кісі де менің өмірлік ұстазым. «Өнердегі әкелерім» десем де болады. Олардың өнерін айтпағанда адамгершілік жағынан да аларымыз көп. Жүсіп көкеміз – өте қарапайым адам, Уәлибек көкем – өте адал адам. Тек өнер жолында ғана емес өмірде де ол кісілерден үйренгенім көп. Қатты құрметтеймін. Ағаларымыз аман болсын.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын жол апатына ұшырап, халықты алаңдатып қойдыңыз. Қазір денсаулығыңыз қалай? Отбасыңыз қалай?
– Аллаға сансыз шүкір. Өздеріңіз көріп жүргендей аман-есенмін. Денсаулығым да жақсы. Ешкім жол апатына түспесін. Ол кездер де өтті. Бірақ оңай болмады. Қиын уақыт. Бірінші Жаратушының, екінші жақындарымның арқасында тез сауығып, өмірге қайта араласып кеттім. Шүкір деймін. Ешкім ауырмасын. Ал отбасыма келер болсам, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Бірлік ауылында тұрады. Әкем мен анам бар. Екі қарындасым және бір інім бар. Шүкір отбасымда бәрі жақсы. Амандықтарын тілеймін. Киелі мекен Түркістан қаласының қызына үйлендім. Қазір әйелім екеуіміз екі ұл өсіріп отырмыз. Сол балаларымның болашағы үшін еңбектеніп келемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбаттасқан – Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №8, 19 ақпан 2020ж