Тәртіп сақшыларының білім-біліктілігін тексеріп, зерделеу уақыт талабы. Президенттің нұсқауымен барлық өңірде құқық қорғау органының қызметкерлері «емтихан» тапсырып жатқаны мәлім. Қылмыстың өршуіне, қоғамдағы сүреңсіз құбылыстардың етек жаюына байланысты тәртіп сақшыларының біліктілігін бағамдау да жемісті идеялардың бірі. Пәрменді нұсқау біздің өңірімізде де қарқынды жүргізілуде. Бұл орайда қазығұрттық тәртіп сақшыларының белсенділігін айтып өткіміз келеді.
Басқа өңірлерде құқық қорғаушылардың «қылкөпірден» топырлай құлап жатқандығынан хабардармыз. Ал қазығұрттықтардың сынақтағы біліктілігі сүйсінтеді. Бірталай қызметкер сынақтан сүрінбей өтіпті. Мәселен, 12-13 қыркүйек күні 100 полицей аттестацияға қатысып, оның 89-ы «бес» деген баға алған. Оның ішінде 3 қызметкер жоғары қарай «өсіп» кетіпті. Олардың қатарында жас та болса, бас бола білген полиция лейтенанты Қанат Жақыповтың ерлігі мақтауға тұрарлық. Үлгілі жігіт аудандық ІІБ учаскелік полиция инспекторы қызметінен тергеу бөлімшесінің тергеушісі лауазымына ауыстырылыпты.
Маусым айында қызметке кіріскен ол ә дегеннен белсенділігімен көзге түскен. Биылғы мектеп бітірушілердің кешінде түнгі кезекшілікте жүрген бүгінгінің батыры Қызылқия ауылының тұрғынын күдікті ретінде ұстаған көрінеді. Қанат Бақытұлы 1993 жылы туған Қ.Абдуллаевты тінту барысында оның сөмкесінен 1 дана 12 калибрлі ИЖ-18Е шолақ мылтық пен А-101 4,5 ВВСЖ нөмірлі 0592680 санды травматикалық тапанша тәркілепті. Мінеки, қазығұрттық Қанат білгір һәм батыл азамат. Оған ауданның бас полицейі «Алғыс» хат табыстаған. Отанымыздың сақшысы бола білетін, жаужүрек азаматтар осындай болса керек.
Тағабай ҚАСЫМ