«Халықтық ІРО» бағдарламасына сәйкес, желтоқсанның 5-і жұлдызына дейін халыққа ұсынылған «ҚазТрансОйл» АҚ-ның жай акцияларын сатып алуға өтініш беру басталады. Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен жиында кеңінен түсіндірілді. Бір айта кетерлігі, акция жайлы толық білмек болғандардың қарасы қалың.
ІРО бағдарламасының ізашары саналған «ҚазТрансОйл» компаниясы бағалы қағаздар нарығына 38 мыңнан астам акция шығарды. Әр акцияның құны 725 теңге. Енді компания акционері болғысы келген тұрғындар бір айдың ішінде қажетті қадамдарды іске асырулары шарт.
«ҚазТрансОйл« АҚ-ның қаржылық көрсеткіштері көңілге сенім ұялатады. Акциялары сатылымға шығарылған компания басшыларының айтуынша, кәсіпорын Қазақстанның мұнай-газ нарығында кеңінен танымал. Елімізде өндірілген мұнайдың 60 пайыздан астамын «ҚазТрансОйл» тасымалдаса, оның 75 пайызы экспорт.
Осылайша, Елбасының тапсырмасы бойынша қолға алынған «Халықтық IPO» бағдарламасының қарапайым қазақстандықтардың әл-ауқаты мен қаржылық сауаттылықты арттыру деген мақсаты жүзеге асырылмақ.