2011 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша дәрігерлердің қызметіне көңілі толмаған азаматтардан денсаулық сақтау басқармасына 97 шағым келіп түскен екен. Басқарма бастығы Ж.Исмайловтың айтуынша осыған байланысты бірнеше бас дәрігер қызметінен қуылған.
Облыс медицинасы — соңғы үш жылда айтарлықтай жетістіктерге жетіп, инфрақұрылымын жақсартты деп телпегімізді төбемізге атып едік. Биыл бұл сала тағы да сынға ұшырап, көптің мінін естіп, дымымыз шықпай отыр. Күнәлі іске кінәлілірді іздеп, шара көріп, сөгіс алдық. Жарайды, өткенге салауат дейік, біздің үйреніп қалған жұбанышымыз емес пе? Бірақ, мұндай салғырттықтың салдары ертеңгі күні де алдымыздан атойлап шықпасына кім кепіл? Жақсылықтың барлығы да дәрігердің біліктілігімен өлшенетін болса, өңіріміздегі «абзал» жандардың кәсібилігі мен этикасы туралы не ойлауға болады? Соңғы сөзден ішіңіз қылп ете қалған шығар. Иә, дәл осы этика бүгінде көптің көзінде, қала берді сөзінде. Тарқатып айтар болсақ, дөрекі дәрігерлер көп.
Дәрігердің бір ғана жылы сөзі науқас жанына демеу болады, ал оның құны дәріден де қымбат. Сондықтан медициналық мекеме басшылары өз қызметкерлерін науқасқа қалай көңіл бөлуді, олармен қалай сөйлесу керектігін үйрететін тәрбие жұмыстарын жүргізулері қажет. Олай дейтініміз, соңғы кезде науқастар тарапынан дәрігерлердің дөрекілігі жайындағы шағымдар көптеп түсуде.
Түскен шағымдарды сараптағанда, медицина қызметкерлерінің көп жағдайда біліктілігі төмен екені байқалады. Олар сол себепті де аурудың салдарын дәл анықтай алмайды, өз дәрежесінде көмек көрсетуге қабілеті жетпейді. Дәрігерлік этикасы да мәз емес. Емделушілердің көңіліне қарамай, көбінесе менмендік, дөрекілік көрсетеді. Әсіресе, ауылдық жерлердегі амбулаториялық-емдеу орындарында осындай өрескел кемшіліктер жиі байқалады. Мұның бәрі ақ желеңді адамдардың дәрігерлік кәсіпке жеткілікті маманданбағанын дәлелдейтін көріністер.
ОҚО әрбір 1000 адамға шаққанда тұрғындарды медицина қызметкерлерімен қамту көрсеткіші қуантарлық дәрежеде емес. Сала-саласына қарай сараптасақ, педиатрлар, кардиологтар, эндокринологтар, хирургтер, фтизиатрлар және андрологтар мен урологтар жетіспейді. Бұл, түптеп келгенде, тұрғындарға уақтылы және сапалы дәрігерлік қызмет көрсетуге қолбайлау болатын жай. Қазір облыста 7547 дәрігер, 20 825 орта буынды медицина қызметкерлері еңбек етеді.
Жоғары және орта буын дәрігер өз кәсібіне келгенде даралық таныта білуі үшін саланың сақадай басшыларының да кәсіби шеберлігі жоғары болуы керек-ақ. Осы бағытта облыстың денсаулық сақтау басқармасы кәсібилікті барынша арттыруға тырысып жүр. Алайда, бар саланы жоғары деңгейде көтеру, мәселенің бәрін шешіп тастау бір немесе екі жылдың көлемінде жүзеге асатын шаруа емес екендігі тағы белгілі. Дегенмен, соңғы екі жыл ішінде облыстағы бірқатар клиникалардың және аудан, қаладағы ауруханалардың басшылары алыс және жақын шетелдердегі үздік медорталықтарда тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін арттырды. Бұған қосымша, «сыпайылық» сабақтарын тағы да қайталап шыққан. Елге оралып, біліктілігі мен білгірлігін үлгі етіп жүргендер де бар. Бірақ, науқастарға деген көзқарас, сөз «жылымай-ақ» қойды. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, мақсат та бар дәрігерді дөрекі деп дөңайбат шегу де біздіңкі емес. Көз көріп, құлақ естіп жүрген жәйттердің жай-жапсарына жету.
Тәні сырқаттанып келген жанға дұрыс диагноз қойып, сабырлы сөз айту дәрігердің негізгі міндеті. Бірақ, дәрігердің алдына барған науқас көбіне жұмыс үстеліне шұқшиып, басын қағаздан ала алмай отырған дәрігерді көреді. Жазып отырып, науқастың шағымдарын сұрайды. Ойы не анда емес, не мұнда емес. Ортақ белгілермен сипатталатын диагноз қойылып, емделушінің қолына шимағы көп ем тағайындалады. Оның шипасы да ширатып айтарлықтай емес. Әр пациентке жеке-дара қарау қайда, орындалуы тиіс жоспарлы қағаздар мен ұзақ -сонар кезекте тұрған өзге де науқастар тұрғанда…Бұл істің барлығын да жалғыз өзі атқаруы тиіс. Осыны ойлап та, жүйкесі тозатын дәрігердің аузынан қайбір «жылы» сөз шықсын?
Кадр тапшылығы, ең бірінші, қызмет көрсету сапасының төмендеуіне әкеп соғатыны белгілі. Бүгінгі медицинаның ақ халаттыға көп міндет жүктеп отырғаны тағы бар. Олар медицинаның барлық саласынан хабардар, жаңа сөздікпен айтсақ- «интернист», яғни жан-жақты болуы қажет. Бірақ, денсаулық саласындағы қағазбастылық дәрігердің білімін жетілдіріп тұруына ешқандай мүмкіндік тудырмайды. Өз міндеттерінен бөлек, бірнеше қызметті қатар атқарып жататыны да жасырын емес. Осындай басы артық жұмыстан дәрігерлердің қолын босатса, қызмет көрсету сапасы да арта түсер еді.
Күн тәртібінен түспей отырған өзекті мәселенің бірі- білікті жас мамандарды дайындау. Жұрт есіне жиі алатын 2006 жылғы дау-дамайдан кейін облысымыздағы медициналық академияның жабылып, фармацевтикалық білім беретін мекеме болып қалғандығы белгілі. Бірақ,облыста шипагерлерді оқытатын түрлі деңгейдегі білім ошақтары баршылық. Дипломын қолына ала салысымен, білікті дәрігер болмайтыны да анық. Дегенмен, медициналық қызметтің сапасын арттыру үшін де жастарға едәуір жағдай жасалуы керек-ақ.
Өткен аптада Парламент мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева денсаулық сақшыларының атына сын айтты. Қазақстанда медицина саласының қызметкерлерін даярлау жүйесі түбегейлі өзгеруі және халықаралық талаптарға сай болуы қажет.Қабылданған шараларға қарамастан, медициналық білім және ғылым саласында кадр даярлаудың сапасы мен жұмыс істейтін мамандардың біліктілік деңгейі негізгі мәселе болып қала береді. Бұл ретте медициналық білім беретін, медбикелерді даярлайтын және қайта даярлайтын біздің жүйеміз түбегейлі жаңғыртуды қажет етеді», — деп өз ойын жалпақ жұртқа жайып салды.
Оның пайымдауынша, еліміздегі медқызметкерлерді даярлау жүйесі сапаға емес, санға бағдарланып отыр. Бұл ретте депутат дамыған елдердегі тәжірибелерді алға тартты. «Оларда медициналық білім беру ішінара немесе толығымен ағылшын тілінде жүреді, өйткені заманауи жаңалықтар да, қазіргі ғылымның жетістіктерінің бәрі де, талаптары да осы тілде таралады. Ал медициналық ЖОО-ларға 150-200 адамнан артық қабылданбайды, бұл дәрігерлердің сапалы біліміне де әсерін тигізеді. Сонымен қатар, әлгіндей ЖОО-ның бәрінде университеттік клиникалар баршылық, онда студенттер ғылыммен айналысады. Жалпы осындай халықаралық стандартты қағидалы түрде енгізбей, салада алға жылжушылық болмайды», — дейді ол.
Бұл ретте Дариға Нұрсұлтанқызы, медициналық қызметкерлерді оқытуды жаңғырту шарасының айтарлықтай бюджет қаражатын талап ететінін де атап өтті. Ал қаражатты мақсатты әрі тиімді пайдаланып, нәтижелі жоспарлау қажет. Оның айтуынша, бүгінгі күні миллиардтарды жұмсап, алдыңғы қатарлы қондырғылар сатып алынғанымен, мамандар сәйкесінше базалық даярлықтан өтпесе, ақша желге ұшқанмен тең.«Біздегі басым медицина қызметкерлері диагностиканың, емдеудің, жаңа технологиялардың халықаралық стандарттары туралы заманауи білімге ие емес, науқасты қарау тәртібі мен медициналық этика төмен. Айналып келгенде, медқызметкерлерді даярлау жүйесі сапаға емес, санға қарай бағдарланып тұр. Ал дамыған елде бәрі керісінше» деп кейіді. Депутат мандатын алғалы Дариға назарбаеваның ел саулығын ойлап, мазасы қашқаны бір емес, бірнеше рет белгілі болды. Осыған дейін де елдің бас дәрігері Салидат Қайырбековаға сауал жолдап, ел азаматтарының денсаулығына енжарлықпен қарамайтындығын сездіріп еді. Көтеріп отырған мәселесі көлденең емес, көңілге қонады. Ұлттың саулығына сын көзбен қарап, оңалтудың орамды жүйелерін ойлағандығы шығар. Мәселенің басы шықты, енді тиісті шараларды орындау мен бағдарлы бағыттарды айқындау қалған сияқты.
Ең басты міндетті қызметтің сапалы болуында деп есептейді Салидат Зекенқызы. Мәселен, жоғары технологияны меңгерген білікті дәрігер науқасты емдеуге аз уақыт жұмсайды. Ал бұл дегеніңіз, ұзақ-сонар кезектің де қысқарып, дәрігердің шектен тыс ауыртпалығын азайтады. Жүйкесі тозып, дөрекілік танытпайды. Жұмыстың тым көп болғандығынан да осындай проблемалардың бас көтеріп жатқандығы белгілі. Мұның бәрі медициналық қызметтің сапасына келіп тіреледі, ол — сол емдеу мекемесінің де абыройы. «Біз кадрларды оқыту, олардың біліктілігін көтеруді ұйымдастырып келеміз. Өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына да осы міндет қатаң жүктелген. Үлгі болып келе жатқан облыстар да бар. Мәскеудің бірден құрылмағандығын ескерсек, алдағы 10 жылда біздің дәрігерлер әлемдік деңгейдегі қызметті көрсете алатындығына сенімім мол» деді ойын депутаттар алдында білдірген министр .
Қысқасы, медициналық қызметтің сапасын көтермейінше, табысқа жетем деу бекер. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жаңа міндеттер үдесінен шыға білу керек. Сапалы жұмыс жасайтын дәрігердің еңбекақысы соған сай болуы, дәрі-дәрмектердің қолжетімділігі аса маңызды. Қазіргі таңда жақсы еңбек ету үшін барлық жағдай жасалған.Тек өз қызметіне деген сүйіспеншілік қана қажет.
Білікті басшы Жұмағали Исмаилов облыстың денсаулық сақтау саласының тізгінін ұстағалы облыстағы саламаттылықтың өзегінде өзгерістер пайда болып, жұмысы жаңаша жандануға көшкенін жұрттан жиі естиміз. Елге, емделушілерге сырқатына дауа табатын мол мүмкіндіктер жан-жақты қарастырылған бөлімшелер, орталықтар ауруханалар ашылуда. Өркениетті мемлекеттер қолданатын заманауи үлгідегі, үздік сапада қызмет көрсете алатын қондырғылар әкеліп орнатылуда. Мұның бәрі науқастарды бұрынғыдай Алматы, Астанаға, алыс-жақын шет елдерге сабылтпай, көптеген күрделі операцияларды оңтүстіктің өзінде-ақ жүзеге асыруға оң септігін тигізуде.
Ал орын алған кемшіліктерді жою үшін тағы да тың бағдарламаларды жобалау білгір басшының артықшылығы болса керек. Сын тағылып, мін айтылып жатқан тұста, кемшіліктерді мойындай отырып, қиынның қиысынан шығар жолды қарастырудың өзі де мойымаудың үлгісі десек, ағаттық емес шығар. » Бұрын оңтүстіктің дәрігерлеріне сенімсіздік білдірілетіні есте. Тіпті, “маман керек, бірақ Оңтүстік Қазақстан медицина академиясын бітірген түлектерді жұмысқа алмаймыз” деген құлақтандырулар ірі қалалардағы клиникаларда жазылып тұрды дегенді баспасөзден көрдік. Бүгінде облыс медицинасы республикада үлгі алатын деңгейге көтеріліп келеді.
Астана, Алматыда өтетін ірі халықаралық конференциялар, ғылыми кеңестер Шымкентте өтетін болды. Медицина саласы бойынша халықаралық стандарттарға өткен Литва мемлекетімен үш жылға меморандумға отырып, нәтижесін байқадық. Жыл сайын шетелден таңдаулы мамандар келіп, шеберлік дәрістерін өткізіп жүр. Мұның бәрі мемлекеттік қамқорлықтың, Елбасымыздың халық денсаулығына сергек қарауының арқасы.
Шымкентте өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Каунас медицина университетінің профессоры Видмантас Бараускас: “Сіздердің материальдық-техникалық жабдықтарыңыз біздің клиникалардан да жақсы екен. Осындай қамқорлық жасаған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлына рахмет. Ал аймақтарға дәл сіздердегі басшылардай жағдай туғызған, қаржы бөлген орталықтарды әлі көрген жоқпыз. Сол үшін облыс әкіміне біздің құрметімізді жеткізіп қойыңыз” деді. Саланы салыстырып қарайтын болсақ, 1991-2009 жылдар аралығында бар болғаны 16 медициналық нысан қосылған екен. Ал 2010-2011 жылдар аралығында ғана 136 денсаулық сақтау мекемесі іске қосылды. Осы құрылысқа республикалық бюджеттен 3,9 млрд. теңге ал, облыстық бюджеттен 3,7 млрд. теңге бөлінді. Бөлінген қаржы 10 есе еселенді. Адам денсаулығынан қымбат ештене жоқ. Облыста жоғары білікті кадр даярлау мақсатында халықаралық стандарттарға негізделген екі орталықты халықаралық аккредитациядан өткізуге дайындап жатырмыз. Мұнда тек облыстық емес, республикалық, қала берді өзге мемлекеттерден де дәрігерлер келіп, біліктілігін арттырады. Болашағы үлкен. Облыс медицинасы республикада алғашқы болып халықаралық стандартқа өткен мемлекеттермен іскерлік байланыс жасап жатыр. Олар бізге үйретумен қатар, үйрену үшін де келетіндігін айтады. Тынымсыз жұмысымыз тұрақты даму көрсеткіштеріне жеткізді. Бұған облыс дәрігерлерінің мейірленуіне әбден болады. Бірақ, тоқмейілсімейміз. Халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды орындауға күш салынады. Ал кадрлардың жетіспеушілігі мен этикасы тұрығысына келер болсақ, басқарма жанынан арнайы сенім бөлімдері ашылды. Дегенмен, әр пациенттің жеке шағымдары мен ұсыныстары дәл сол емхана немесе аурухана ішінде шешілуі тиіс. Осындай талап қойдық. Бұған қоса, мониторинг жүргізіп отырамыз. Басқарманың арнайы мөрі бар жәшіктер, сайт арқылы келіп түсетін арыз-шағымдар, басқарманың жауапты мамандары арнайы кездесулер өткізу арқылы облыстағы медициналық қызметтің сапасы мен дәрігердің этикасы турасындағы барлық ұсыныстар қорытындыланып отырады. Осы жұмыстардың нәтижесінде шығар, басқармаға сауал жолдап, пікір айтушылардың қатары көбейді. Бір жылда 97 ұсыныстар мен шағымдар түскен.» Басқарма жүргізіп отырған ілкімді істердің арасында атап айтуға тұрарлық тағы бір жағымды тірлік бар. Ол- науқастардың құқығын қорғайтын арнайы кеңестің құрылғандығы. Ол жерде басқарма қызметкерлері, партияның өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері енгізілді. Кеңестің әр отырысында мүшелер басқармаларға түрлі ұсыныстар береді. Мәселен, осы шаралардың барысында көп мекеме басшылары сөгіс алып, тіпті бірнешеуі жұмыстан қуылған. Бұл бастама өңірдегі моральдық-этикалық сауаттылықты да арттырып отыруға өзіндік үлесін қосып жатқанға ұқсайды. Бірақ, сыннан нәтиже шығаратын дәрігерлер болса, әрине…
Тілші түйіні:
Білікті мамандардың сапалы медициналық көмек көрсетуге ынтасын арттыратын қаржы тетіктері қарастырылмаған. Мысалы, мінсіз қызмет етуі, шынайы болуы, дөрекілікке салынбауы үшін айлығына қосымша ақы қосылса, бар мәселе шешелер ма еді деген ой туады. Ол үшін емханаларда дәрігерлердің мәдениетін науқастар, емханаға келушілердің өздері бағалайтын, олардың еңбегі мен біліктілік дәрежесін сол арқылы көтермелейтін әдістер жүзеге асырылуы керек сияқты. Барлығы ақшамен өлшенетін заманда сыпайылық пен ізеттілікті осылай ақшаға сатып аламыз, амал жоқ. Себебі, қазіргідей жазалау шаралары тиісті нәтиже беріп отырған жоқ. Сондай-ақ, тұрғындардың өз денсаулықтарына деген жауапкершілігі өте төмен, медициналық сауаты мардымсыз екенін де айтпай кетуге болмас. . Олардың көпшілігі профилактикалық бақылау маңыздылығын жете түсінбейтіні өкінішті. Сөйте тұра, өз саулығына деген салғырттығының кінәсін дәрігерден іздейді. Техника мен ақпараттық кеңістік дамыған тұста, салауатты өмірдің алғышарттарын біліп, жауапкершілік таныту да дәрігерлердің жұмысын жеңілдете түсер еді. Сонда арба да сынбай, өгіз де өлмей, сынның садағына да ілінбей жүрер ме едік…Кім білсін?
Ақмарал Мырзахметова
Сіз не дейсіз?
Жұмағали Исмаилов, ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының бастығы: — Маман керек, бірақ Оңтүстік Қазақстан медицина академиясын бітірген түлектерді жұмысқа алмаймыз» деген құлақтандырулар қынжылтады.