Өткен сәрсенбі күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Оңтүстік Қазақстан облысындағы Тәртіптік кеңесінің мәжілісі болып өтті. Күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Атап айтсақ, ОҚО прокуратурасының қаржы және ақпараттандыру басқармасының бастығы Ғ.Бердіқұловтың, ОҚО ішкі саясат басқармасы әкімшілік бөлімінің бастығы К.Дүйсебекованың, Бәйдібек ауданы Алмалы ауылдық округінің әкімі Н.Тұрмаханбеттің, Бәйдібек ауданы ТҮКШ бөлімінің бастығы Н.Қалходжаевтың тәртіптік істері қаралды.
Тәртіптік кеңестің мәжілісіне қатысушыларды әсіресе ОҚО прокуратурасының қаржы және ақпараттандыру басқармасының бастығы Ғ.Бердіқұловтың істеген істері қатты таң қалдырғанын айта кеткен жөн. Ғ.Бердіқұлов облыс прокуратурасында басқарма бастығы қызметін атқара жүріп, басқа құқық қорғау органының қызметкерлерімен осы жылдың наурыз-сәуір айының ішінде Шымкент қаласында 2009-2012 жылдары бірнеше мекеме мен ұйымдарды салықтан заңсыз босату мақсатында жалған кәспкерлікпен айналысқан, мемлекетке аса ірі мөлшерде зиян келтірген қылмыстық топтың топтың басшысынан оларды қылмыстық жауапкершіліктен құтқару үшін ОҚО Қаржы полициясының бастығына 50 000 АҚШ доллары көлемінде пара беру жөнінде делдалдық жасағаны анықталыпты.
Бүгінде Ғ.Бердіқұлов басқарма бастығы қызметінен аластатылған көрінеді. Осылайша ол ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12 бабына сәйкес құқық бұзушылықтар жасаған. Сондай-ақ, Бәйдібек ауданы Алмалы ауыл округінің әкімі Н.Тұрмаханбеттің де тәртіптік ісі мәжіліс қатысушыларын бей-жәй қалдырған жоқ. Ауыл округінің әкімі мемлекеттік қызмет туралы заңдылықтардың, ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексі талаптарының бұзылуына жол берген. Әкім мырза қызметкерлерді еңбек демалысына жіберу, үстемақы белгілеу барысында бірқатар заңсыздықтарға барыпты. Сөйтіп, Алмалы ауылдық округінің әкімі Н.Тұрмаханбет өзінің міндеттерін тиісті дәрежеде орындамай, ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексінің 5 тармағы 2 және 11 тармақшаларының талаптарын бұзыпты. Және де осы Бәйдібек аудандық ТҮКШ бөлімінің бастығы Нұралы Қалходжаев та Ар-намыс кодексінің белгілі бір тармақтарының талаптарын бұзғаны анықталған.
Тәртіптік кеңес барысында басқа да лауазымды тұлғалардың құқық бұзушылық әрекеттері қаралды. Мәжіліске қатысқан кеңес мүшелері аудан, мекеме басшыларының атына тәртіп бұзған қызметкерлеріне тиісті шара көруді сұранып, істеген заңсыздықтарының салмағына қарай қарапайым сөгіс беруден бастап жұмыстан аластатуға дейінгі әртүрлі жаза көруді ұсынды. Бұл ұсыныстар қабыл алына ма жоқ па алдағы уақытта білетін боламыз. Дегенмен тәртіпік кеңесте айып тағылған шенеуніктер кеңес мүшелерінен жұмыс істеуге тағы бір мүмкіндік берулерін сұранды. Енді мұндай құқық бұзушылықтарға бармайтындарын айтып, ант-су да ішісті. Не болса да тәртіптік кеңес «тәртіпсіз» шен-шекпенділерге заңды сақтамағанның арты жақсылыққа апармайтынын түсіндіргендей болып көрінді.