«Ұл-қызымызды құлша жұмсаған ұстазды біз де аямаймыз». Төлеби ауданындағы құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатында тағы да дау. Директордың орынбасары Аян Рысбаеваның соңына бұл жолы оқушылардың ата-аналары шам алып түсті. Олар мүмкіндігі шектеулі балаларды жұмысқа жегіп, ұстаздарды балағаттаған оқу ісінің меңгерушісін жұмыстан қууды талап етті. Еске саламыз бұған дейін дәл осы білім ұясында ұстаздар наразылыққа шығып, Рысбаеваның былықтарын жайып салған еді.
Сот Аян Рысбаеваны ақтап шығарғанымен, бүгін ол жұмыста жоқ. Телефон арқылы жеткізген сәлемдемесіне сенсек, суық тиіп ауруханада жатса керек. Бірақ бұған мектеп-интернат ұжымы сенбейді. Ұл-қызын құлша жұмсаған оқу ісінің орынбасары ата-аналармен беттесуге тайсақтап отыр дейді.
Ата-аналар орынбасарсыз осымен екінші рет жиналды. Олар ұл-қызының жұмысқа жегілгенін бұрын білмеген. Рысбаева туралы сюжетті көрген соң ғана, мәселеге қанығып, оған енді зығырданы қайнап отыр.
Жанар Сманова, Ата-аналар комитетінің төрайымы: «Бұларды вообще қалай жұмсауға болады. Бұлар мүгедек балдар. Бұлардың қастарында не аталары болмаса, не бауырлары болмаса. Мен оқу ісінің орынбасарын не только мұғалім, даже уборщица етіп те алуға болмайды деп санаймын».
Міне, мына үш қыз оқу ісі орынбасарының үйін тазалап, кірін жуғанын айтып отыр. Айтқанын істемесе, апайына жақпай қаламыз ба деп қорыққан. Мұны есіткен ата-аналар жағасын ұстады. Ал оқушы Бақтияр Әділбайдың Аян Рысбаеваның көлігін жуғанын білгенде, анасы үйінде отыра алмапты.
Зульфия ЗАКИРОВА, 6-сынып оқушысы: «Бізге үйге жүріңдерші дейтін. Бірақ ұрмайтын. Үйіне барсақ сасып кеткен. Соның бәрін тазаладық. Белім ауырып кетті. Мен өзім үш рет бардым. Балнұр 4 рет барды. Ал Закира 1 рет барып баласының жөнгегін ауыстырып, үйін тазаладық».
Айжан Арғынбаева — Бақтиярдың мамасы: «Завуч болуға да, мұғалім болуға да қарсымын. Біз білім алсын деп жіберіп отырмыз балдарымызды. Олардың машинасын жусын деп емес. Бұл білім алатын жер ғой. Менің бұдан кейін де балам бар. Мен оған сене алмайм. Мейлі ол кейін завуч болғанда не істетітін. Мүмкін үйін соқтырама».
Оқушыларды жұмысқа жеккенін облыстық балалардың құқығын қорғау департаментіндегілер де растап отыр. 100 балаға жүргізілген сауалнама нәтижесі оқушылардың Аян Рысбаеваның үйінің отымен кіріп, күлімен шыққанын анықтады.
Әлия БЕЙБОЛОВА, Облыстық балалардың құқығын қорғау департаментінің бас маманы: «Қатысқан баллаардың 95 пайызы біздің интернатта балаларды зорлап күштеп жұмыс істету фактісі жоқ десе, 5 пайызы бізде кейбір апайлап жұмсап, жұмыс істетеді деп көрсетті. Соның ішінде фотографияда көрсетілген екі бала «ия біз көлікті жуғанымыз рас» деп дәлелдеді. Осы бойынша хат дайындап қойдық. Шара көру үшін білім басқармасына хат жолданып отыр».
Осы анықтама бойынша және жала жапты деген айыппен мектеп-интернаттың директоры Төлеби аудандық сотына қайта шағымданбақ. Ал ашуға мықтап мінген ата-аналар болса, облыстық сотқа арыз жолдап да жіберіпті.
Жанар СМАНОВА, ата-аналар комитетінің төрайымы: «Соттасамыз. Лично мен соттасамын. Осы ата-аналардың төрайымы болып, мен соттасамын. Не только төрайымы болып, мен анасы болып соттасамын».
Мұғалімдердің өзара тартысы, әсіресе оқушылар үшін қиын болып тұр. Өйткені, мектеп-интернаттың балалары осы тартыс басталғаннан бері дұрыстап сабақ оқу дегенді қойған. Құзырлы орындардың сансыз тексерулерінен әбден шаршаған олар енді кім қай жақтан кеп қалады екен деп отыр.