Төлебидің ұстаздары ұрысып жатыр

Аян Рысбаевадан зәбір көрген мұғалімдер соттың шешімімен келіспейміз дейді
Аян Рысбаевадан зәбір көрген мұғалімдер соттың шешімімен келіспейміз дейді

Төлеби ауданындағы білім ордасында қып қызыл дау. Құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатының бір топ ұстаздары директордың орынбасарымен дауласып жатыр. Тіпті, мұғалімдер оқу ісінің меңгерушісі Аян Рысбаева қызметтен кетсін деп нарызылық шарасын өткізді. Оның ерсі қылықтарынан әбден шаршадық дейді. Ал орынбасардың өзі мұның бәрі жала деп отыр.

«Сот шешімімен келіспейміз. Аян Рысбаева кетсін!».

Бұл мектеп-интернаты ауласындағы наразылық шарасы. Олар директордың орынбасарын қызметтен кетірмей тынбаймыз деп бекініп алған. Өйткені «Рысбаеваның қылықтарынан әбден шаршадық»-деп көз жасы көл.

Райхан Бәкірова, мұғалім: «Сен ж…п-сің дейді маған. Каридорда оқушылар жур. Менің тұрмыс құрғаныма 20 жылдан асты. Ондай сөзді мен ешкімнен естіген жоқпын. Міне, осы ұжымға келіп, Аян арқылы міне осындай сөздер естіп жүрмін» (Жылайды).

Аян Рысбаева, оқу ісінің бұрынғы орынбасары: «Жоооқ, ондай сөз айтылған емес. Именно қай мұғалімге айтыппын. Жооқ. Ондай айтылған емес».

Міне, атышулы оқу ісінің орынбасары. 80-нен аса мұғалімнің жабылып жүріп, ортадан қуғысы келетін адам осы. Бұған дейін қызметтен де қуылған, бірақ сот мені ақтады деп мектеп табалдырығын қайта аттапты.

Аян Рысбаева, оқу ісінің бұрынғы орынбасары: «Жұмысқа бүгіннен (21,11,2012ж.) бастап кірістім. Қорғаушым бар, соттың шешімі бар. Шешімді бірақ 5 күннен соң ғана аламын қолыма».

Ол ауызын жиып үлгермей жатып, әріптестері жағасынан алды.

«Расписаниемді қойдыру үшін мен сенің үйіңе барып, мойныңа шарф жауып, қалтаңа 5 мың теңге салғанымды ұмытып кеттің ба? Содан соң ғана сен маған қол қойып бердің. – дейді Райхан Бәкірова ашуға булығып.

Қысым көрген тек ол емес, басқа ұстаздар да теперіш көрудей-ақ көріп келеміз деп шыр пыр. Бұл сөздерді жоққа шығаратын мұғалімдер де бар. Олар оқу ісінің орынбасарының мұндай әрекеттерін көрмедік деп ақтап әлек.

Бұл кезде оқушылар да директор орынбасарының былықтарын жайып салды. Айтуларынша оларға үйін жинатып, көлігін жуғызған. Мынау сурет соның айғағы дейді. Онымен қоймай, директорға қарсы үгіт жүргізсе керек.

Бақтияр, оқушы: «Маған айтты директор жаман деп арыз жазып берші деді. Мен айттым көрем дедім».

Бұл дауды білім басқармасы мен еңбек инспекторлары да білетін болып шықты. Сөйтіп қызметтен қуу жөнінде ұсыныс айтыпты.

Жанат Шерәлиева, Облыстық білім басқармасының бас маманы: «Басқарма оны жұмысқа алмайды. Оны тағайындамайды. Басқарма тек директорларды тағайындайды. Біз тек ұсыныс бере аламыз».

Өзі тағайындаған орынбасарынан енді директордың өзі зәрезап болған. Тіпті телефоныма да тыныштық жоқ дейді. Хат жазып, қорқытады деп отыр. Сотқа беріп құтылса да, соттың ақтап алғанына ашынады.

Аманбек Ахметбаев, мектеп-интернаттың директоры: «Бұған қызмет керек. Сіз 5 жыл істедіңіз. Енді қайтпайсыз ба еліңізге дейді. Мен білмеймін, неге оны соттың қолдап отырғанын. Біз бәрін дәлелдедік. Әділ болған жоқ сот. Мен вообще қарсымын. Облыстық сотқа шағымданайын деп отырмын енді шынымды айтсам».

Бұл дегені білім ордасындағы шу әлі де жалғасады. Әзірге мектеп интернатының сырты бүтін, іші түтін.