Күннің басты жаңалығы — бүгін — бізде мереке! Оңтүстікке — 80 жыл! Осынау атаулы күнді жерлестеріміз, бүкіл Оңтүстік жұрты бір кісідей, дүркіретіп тойлады. Ең басты жиын, мерекелік басқосу Шымкенттегі «Мұз сарайында» өтті. Мерейтойға халықтың көп жиналғаны соншалық, зәулім кешеннің ішінде ине шаншар жер қалған жоқ. Облыс халқын құттықтауға елімізге аса қадірлі, Қазақтың біртуар ұл-қыздары алыстан ат терлетіп келді. Қадірлі қонақтардың ішінде Үкімет басшысы Серік Ахметов те бар. Елдің игі жақсылары бас қосқан жиында ол Елбасының құттықтау хатын оқып, бірлігі жарасқан өлкеге жақсылықтар тіледі.
Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығына арналған құттықтауы: «Құрметті оңтүстікқазақстандықтар! Баршаңызды құт қонған қасиетті өңір − Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығымен ұттықтаймын! Қазақы қалпының қаймағы бұзбай сақтап келе жатқан оңтүстіктің орны әрқашан ерекше. Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби, әулие Арыстанбаб, даналық ілімінің атасы Қожа Ахмет Иасауи сияқты дара перзенттерінен тамыр тартқан аймақтың тарихы өте терең және тағлымды. Бұл өлкенің әр тасы мен әр түп жусаны шежіреден сыр шертеді. Тәуелсіздік жылдарында Оңтүстік Қазақстан облысы табысы зор, ырысы мол өлкеге айналды. Сіздер өз татулықтарыңыздың, жүкті жұмыла көтеретін бірліктеріңіздің арқасында барлық қиындықтарды еркін еңсеріп келесіздер. Соңғы жылдары облыстағы инфрақұрылымдар дамып, өнеркәсіптік ірі жобалар іске асырылуы нәтижесінде әл-ауқаттарыңыз артып, тұрмыстарыңыз жақсара түсті. Адам санының өсімі мен өмірінің ұзақтығы жағынан да сіздер қоныстанған оңтүстік өлкенің көрсеткіштері өте жоғары. Бүгінде республика халқының 15 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысын мекендейді. Демек, бұл өңір − ұлтымыздың ұйытқысы, еліміздің еңселі биігі, мемлекетіміздің мәйегі. Бірлігі мен тірлігі жарасқан мерейлі мекеннің торқалы тойы құтты болсын! Баршаңызға бақ береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін!».
Серік АХМЕТОВ, ҚР премьер-министрі: «Ардақты ағайын! Жеке өзімнің атымнан және Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан баршаңызды облыстың 80 жылдық торқалы тойымен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің өнері мен руханиятын байытып, экономикасын дамытуға бұл өңірдің қосып отырған үлесі мол. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында облыс жылдан жылға көркейіп келеді. Тек соңғы үш жылда облыста 158 білім беру мекемесі салынды. Жаңадан 133 медицина нысаны ашылды. 170 елді мекенге ауыз су, 79 ауылға газ құбыры тартылды. Төрт мың шақырым жол жөнделді. Мұндай қолдау, әлеуметтік қамқорлық Елбасы тарапынан, Үкімет тарапынан тұрақты жалғасатын болады. Жарқын істердің, берекелі бастамалардың жаршысы болған Оңтүстік өлкесінің келешегі кемел, болашағы баянды екеніне сенімім зор! Тойларыңыз тойға ұлассын, ардақты ағайын!».
Мұнан соң, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» деп аталатын төсбелгімен біздің өңірдің азаматтары Премьер-министрді марапаттады. Және Елбасыға да осындай медальді апарып беруін сұрап, қолына ұстатып жіберді. Бұл медальдар ОҚО-ның 80 жылдығына арналып жасалынған екен. Осылайша, Елбасы мен Үкімет басшысы оны алғашқы тағынғандардың қатарына еніп отыр екен.
Мұз сарайына жиналған бұқараның көңілін шат, абыройын асқақ еткен облыстың 80 жылда жеткен жетістіктері баяндалған деректі фильм еді. Салтанатты тойдың сәнін ашуда өңіріміздің спортшылары Мөлдір Әзімбай мен Нұржан Сманов «Жігіттер» квартетімен бірге ән шырқап, ұлттық рухты тағы бір асқақтатты. Бірлігі бекем, тірлігі тұрақты жұрттың жайсаң мінезі жайлы келген қонақтар да сөз етпей қоймады.
Бұл кезде Шымкенттегі Орталық стадионда да Облыстың мерейтойлық жиыны болып жатқан-тын. «Ұлысымның ұйытқысы — Оңтүстік» дескен белсенді жастар Үкімет басшысымен тікелей байланысқа шығып, жастар атынан алғысын жаудырды. Мерекеге қаламыздағы 65-ші мектептің оқушылары да өз сыйын ала келді. Облыстық филармонияның әнші-жыршыларына қосылып, бұл күні республикаға танымал өнер ұжымдары ән салып, жұртшылықтың көңілін бір марқайтты.