Кеден кептелістен арылмай тұр

235
қалған екі жүргізуші қорғаушы жалдап, сотқа жүгінген

 

қалған екі жүргізуші қорғаушы жалдап, сотқа жүгінген

Шымкентте үш аптадан бері Қырғыз елінің бес жүк көлігі кеден бекетінің тұрағынан шыға алмай тұр. «Көлік ішінде түнеп жүрген жүргізушілер бармаған жеріміз қалмады, бірақ мардымды жауап ала алмадық» деп ашынып отыр. Ал, облыстық Кеден департаментіндегілер «Сарыағаш ауданынан Мәскеуге жеміс-жидек тиеп шыққан көліктердің құжатында шикілік бар, сондықтан көліктерді қамап тастадық» дейді.

Қырғызстандық жүргізушілер үш аптадан бері көліктерінде түнеп, сонда тамақтанады. Амалы таусылған жүргізушілер өз қалталарынан ақысын төлеп, басқа көліктерге жүктерін тиеп жіберген. Енді олар бұған қоса көліктерінің әрқайсысына тәулігіне 5 мың теңгеден төлеуі тиіс. Осылайша шығынға шаш етектен батқан қырғыз азаматтарының үшеуі кері қайтып кетіпті. Ал, қалған екі жүргізуші қорғаушы жалдап, сотқа жүгінген.

Евгений ВАРЛАШИН, жүк көлігінің жүргізушісі: «Біздің қолымызда арнайы рұқсат қағазымыз бар. Бірақ не себепті жауып тастағанын білмейміз. Қырғыз елінің Ресеймен келіскен құжаттары да Қазақстандағы тасымалға толық рұқсат береді делінген. Яғни, Кедендік Одаққа кіретін елдерде жүк тасымалдауға толық құқылымыз. Алайда, бұл құжаттарды кеденшілер назарға алмай отыр. Мен ойлаймын бұның бәрі кедендегі салғырттық деп».

Департамент қызметкерлері «көрші елдің жүргізушілері еліміздегі «Кеден туралы» заң талаптарын бұзған» дейді. Кеден Одағына кірмейтін кез келген елдің жүргізушілері Қазақстан аумағында тауар тасымалдауы үшін кедендік салық пен бірқатар төлемдер төлеуі тиіс. Алайда, Қырғызстандық жүргізушілер оны төлемеген.

Еркебұлан ДАУЫЛБАЕВ, Облыстық Кедендік бақылау департаменті Контрабандаға қарсы күрес басқармасының бастығы: «Халықаралық деңгейде жүк тасымалдаумен айналысатын көліктер заңнамаға сәйкес Кедендік құжаттарын рәсімдемейінше Кедендік Одаққа кіретін елдердің аумағында ішкі өнімдерді тасымалдауға құқығы жоқ. Тасымалмен айналысу үшін арнайы құжаттар толтырып, тиісті мөлшерде төлемдер төлеуі керек. Қырғыз елінің жүргізушілері ол талаптарды орындамай заңды бұзған».

Кедендік бақылау департаментіндегілер көрші елдің жүргізушілерін толық тексергеннен кейін ғана нақты шара қолданатындарын айтып отыр. Яғни, не ірі көлемде айыппұл салынады немесе қылмыстық іс қозғалады.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=x7TQVSlwr-c[/youtube]