Шымкентте қолжетімді баспанаға дер кезінде қол жетпей қалды. «Нұрсәт» шағынауданынан салынып жатқан көп қабатты үй жоспарланған мерзімде пайдалануға берілмеген. Бұл жәйт Парламент Мәжілісі депутаттарының қалаға сапары барысында белгілі болды. Тіпті мұндағы үйлердің аулаларына қатысты да көп сұрақ туындады. Енді жақын күндері Нұрсәттегі олқылықтар Парламентте көтерілуі мүмкін.
9 қабатты бұл үйге 54 отбасы жаңа жылға дейін қоныстануы тиіс. Олардың барлығы Тұрғын үй жинақ банкі арқылы 50 пайыз жарнасын төлеп қойған. Бірақ, бұл нысан қарашаның 15-не тапсырылуы тиіс болатын. Мердігер «Сити строй» ЖШС-гі арқаны кеңге салыпты. Құрылыс басындағы жұмысшылардың саны тым аз. Осыны көрген тапсырыс берушілер мердігерге әкімшілік айып салуды ұйғарды.
Жаңа үйдің іші сыртын аралап көрген ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков қолжетімді бағдарлама аясында берілетін пәтерлердің пайыздық мөлшерлемелеріне көңілі толмайтынын, ал үй аулаларының тым тар екенін айтып қалды. Енді депутат бұл мәселені парламент төрінде көтермек ойы бар.
«СитиСтрой» мекемесіне Нұрсат шағын ауданы тұрғындарының да өкпелері қара қазандай. Құрылыс аумағынан шықан жүк көліктері лас доңғалақтарымен көшені ластап бітті дейді көпшілік. Әсіресе жауын-шашынды күндері батпаққа батса, күн құрғақта шаң тозаңнан көз ашпайды. Жасыратындығы жоқ қаладағы құрылыс жүріп жатқан барлық нысандардағы жағдай осы.
Әрине бұл келеңсіздіктерді жергілікті басшылар дер кезінде шешуге уәде етті. Парламенттен келгендер де бірталай мәселелерді бақылап, оның оң нәтежелі болатындығына сендіріп кетті.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Xs-Ei_ORZ9k[/youtube]