Оңтүстік спортының бәсі биік (2-бөлім)

58 келі салмақта татамиге шыққан Нұрсұлтан Мамаев
58 келі салмақта татамиге шыққан Нұрсұлтан Мамаев

Бәйгеден маңдайы жарқырап келгендерді дүркіретіп күтіп алып, сәйгүлікке мінгізу, шапан жабу үрдісі биыл Оңтүстік жұртшылығына бұйырмапты. Билік тізгінін ұстағандар мен «Атымтай жомарт» азаматтарымыздың іштей қамығып жүргенін түсінеміз. Тым-тым тойшыл Оңтүстік халқы үшін биылғы сәтсіздік жүректі сыздатады. Әрине, өмір мұнымен тоқтап қалмайды. Амандық болса, алда әлі талай додалардың қызығы мен шыжығына куә боламыз. Білесіздер, құрылғанына 80 жыл толып отырған өңірдің спорттағы жетістіктерінің тарихы тым тереңде жатыр.

Ұлысымыздың ұйытқысы деп әспеттелетін аймақтағы олимпиадашылардың жеңісі сонау 1964 жылдан бастау алады. Әсіресе, осы орайда алғашқы жеңісіміздің іргетасын спорттық гимнастика шеберлерінің қалағанын мақтанышпен айтамыз. Мәселен, Юрий Цапенко 1964 жылғы Токио Олимпиадасында қола медальды иеленсе, әйгілі Нелли Ким Монреаль және Мәскеу Олимпиадаларында алтынмен апталды. Сондай-ақ, әлем және Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы атанғаны тарихта алтын әріптермен жазулы. Тәуелсіздікке қолымыз жеткен қилы кезеңдерде «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дейтін өрендеріміз қанат қақты. Бүгінде Шымкент қаласының спортын өрге сүйреп жүрген ақберен ұл Нұржан Смановтың бітімі бөлек тұғын.

Мөлдір Әзімбайдың болашағы зор

Құрлықтың деңгейдегі жарыстарда алдына қара салмайтын батырыңыздың Олимпиада жүлдегері атану маңдайына жазылмаған екен. Талай құқайды көрген марғасқа боксшы Атланта олимпиадасында бесінші орынға нықтап орныққан. Адуынды Қанатбек Шағатаевтың жемісті жылдары жанкүйерлердің жадында. Әлі күнге дейін бокс жанкүйерлері даңқты спортшыларымыздың ғаламат ойын-өрнегін жыр қылып айтып жүр. Ерлік елге мұра деген осы емес пе? Сонымен бірге, жаңа ғасырға аяқ басар тұста Аустралия жеріндегі айбынды жеңісіміз бір төбе. Қазақ боксшыларының арасынан тұңғыш Олимпиада жеңімпазы атанған батыр Бекзатты түлетіп ұшырған Оңтүстік өңірі қандай бақытты еді. Тау тұлғалы Мұхтарханның күміс жүлдесі ерен ерлікпен келгенін күллі әлем мойындайды. Біздің батырлар сол додада әйгілі Куба қамалының тас-талқанын шығарды. Олжас Оразалиев Исраэль Алварестің көзін көнектей етіп ісіріп, айқын басымдықпен ұтса, Мұхтархан мен Рубалкабаның айқасы аңызға айналған оқиға дерсіз. Бойы 204 см, салмағы 100 келіден асатын дәу қара зәңгіні қазақы мәнермен құлаштай сермейтін Мұхтархан еденге етпетінен түсірген.

Есіңізде жаңғырса, Ділдәбековтің бойы Рубалкабаның иығына әзер жететін. Бұл оқиғаны санада жаңғыртуымыздың да себебі бар. Бүгінде аса ауыр салмақта әлем боксшыларын тықсыратын қазақ жігітінің болмауы жанға батады, әрине. Намысты ту еткен Мұхтарханның жетістігін қайталайтын ұл әзірге көзге көрінер емес. Білсеңіз, қазақ-куба текетіресін трибунадан тамашалап отырған кәсіпқой бокстың көкжалы Эвандер Холифилдтің өзі біздің жігіттің ерлігіне сүйсінген. Бәсеке аяқталған соң орнынан тік тұрып, отандастарымыз отырған трибунаға қарата «Жігіттерің жарады! Мұхтархандарың мықты екен!»,- деп ишарат білдіріпті.

Сондай-ақ, Түркістан топырағында дүниеге келген марқұм Бекзат Сейілханұлының сенсациялық жеңісі еш ұмытылмақ емес. Оның Сидней төрінде керілген шаршы алаңның ширек финалы мен шешуші жекпе-жегін бокс мамандары әлі күнге дейін ауыздарының суы құрып айтады. Олимпиада жүлдегері, әлем және еуропа чемпионы, КСРО-ның бірнеше дүркін жеңімпазы түрік Рамазан Палианиді тұқыртқан мезетте қуанбаған жан жоқ шығар. Финалда әлем чемпионы Рикардо Хуаресті оңдырмай сабаған Бекзаттың бокс өнерін фантастикалық деп бағалауға тұрарлық. Қатарынан озып туған ұлдың ғаламат жеңісін бүгіндері аңсайтынымыз рас.

«Мен бұл жеңісімді Түркістанның 1500 жылдығына арнаймын. Қазақтың Олимпиада алтынын сый-құрметінен-ақ қатты сағынғанын анық сездім. Бірақ өзім кезекті бір халықаралық турнирден оралған сияқтымын. Қазақ баласы Олимпиадалық ойындардың бірнеше дүркін чемпионы бола алатын күн туды. Мен енді соны армандаймын»,- деген ер Бекзатты алақанымызға салып аялай да алмадық. Құдайдың ісіне шара бар ма, болашаққа көз тіккен арда ұлдан қапыда айырылып қалдық. Адамның емес Алланың дегені болады екен ғой. Сиднейде бағымызды асырған бағландарды қабылдау сәтінде Елбасымыз Саттархановтың қолын алып «20 жасыңда әлемді дүр сілкіндірдің. Осы табысыңды 24 жасыңда қайтала»,- деген екен.

Одан кейінгі төртжылдықта несібесіз қайтқан жоқпыз. Афиныда еркін күрес шебері Геннадий Лалиев күмісті еншiледi. 2008 жылы табысымыз әжептеуір жақсарған. Зілтемірші Алла Важенина күмiспен күптелсе, бұрымды балуан Елена Шалыгина мен боксшы Еркебұлан Шынәлиев қола медальдi сыйға тартты.

Жалғасы бар.