Оңтүстіктің саңлақтары Лондонда жүлделі бола ма?

250
Біржан Жақыпов - ОҚО үміті

Оңтүстіктің қоржыны Лондон Олимпиадасының жүлдесімен әлі де толыға қойған жоқ. Ең алғашқылардың бірі болып татамидің төріне шымкенттік дзюдошы Александра Подрядова шыққан болатын. Бірінші кездесуінің өзінде жерлесіміз қарсыласынан жеңіліс тапты. Олимпиада аяқталмай жатып-ақ палуан Шымкентке қайта оралды. Бүгінде демалыста.

Александар Подрядова, дзюдошы: «Мен монғол палуанымен биылдың өзінде екі рет кездескен едім. Франциядағы жарыста мен жеңсем, Азия Чемпионатында ол басым болды. Бұл жолы да ең алғашқы кездесуім сол палуанмен болғанына бір жағынан қуанып та қалған едім. Қанша айтқанмен Урансентсегпен мен таныс та болып қалғанмын. Алайда, сәттілік оның жағында болған секілді. Өйткені, Олимпиада ойындарында ең бастысы сәтті ойын бастау.  Олимпиада ойындарының чемпиондары жеңіліп жатқанын көріп, осыны түсіндім. Жеңіске жетуіме де болар еді.  Өкінішке орай, алғашқы Олимпиадам жемісті болмады».

Тамыздың сегізі күні Олимпиада алаңына оңтүстік жұртшылығы үміт артқан спортшылар шыққан болатын.  Еркін күресте Елена Шалыгина 63 келі салмақтағылар арасында  украина Юлия Остапчукпен таласқа түссе, Біржан Жақыпов 49 келі салмақта  қытай боксшысы Шимин Цзоумен қолғап түйістірді. Сондай-ақ , байдарка мен каноэда ескек есуде Евгений Алексеев те жарыс сызығына шыққан болатын. Нұрсұлтан Мамаев та мысырдың спортшысымен кездесті. Алайда, бұл күні оңтүстік саңлақтарының бағы жанбай-ақ қойды. Біржан жартылай финалға жолдамадан қағылса, алтын медальға үміткер Елена Шалыгина іріктеу кезеңнін өзінде-ақ сүрінді. Мамаев та жеңіліс тапты. Ал Евгений болса Олимпиаданың жалпы есебінде 11-ші орыннан ғана көрінді.

Олимпиада ойындары жалғасуда. Алайда, оңтүстіктің екі саңлағы ғана медаль үшін таласқа түседі. Олар таэквандодан Феруза Ергешева және палуанымыз Ермек Байдуашев.