Шақпақ асуында бораннан көліктер тоқтап қалды

Шақпақ баба асуы

 

Шақпақ баба асуы

Шақпақтағы шатақ! Кешеден бері Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының шекарасындағы Шақпақ баба асуында жүздеген көлік тоқтап қалды.

Буырқанған боран салдарынан жабылған жолда қалғандарды құтқаруға тура келген. Әсіресе 4 бірдей автобус жолаушыларына қиынға соқты. Жол ортасында қалған олар не істерін білмей дал болды. 

Оңтүстік Қазақстан облысының Шақпақ баба асуына барар жолында құтқарушылар әр көлік жүргізушісіне ескерту жасап жатыр. Ақ түтек боран бағдар көрсетер емес. Сондықтан барлық көліктер кері қайтарылуда.

Ерғали Бахаев, ОҚО ТЖД бөлім бастығы: «Ақбиік елдімекенінде тосқауыл қойылып, бәрі кейін қайтаралып жатыр. Алдымыздағы боранның қанша уақытқа созылатыны қазір белгісіз».

Шақпақ баба асуы

Асудың етегіндегі Ақбиік ауылында жүз шақты жүк көлігі тоқтап тұр. Арасында төрт жолаушы автобусы да бар. Жұрағаты бары туыстарын жағалап кетсе, қалған екі жүздей адам жақын маңдағы қонақ үй мен сауықтыру орталықтарына орналастырылды. Асудың Жамбыл жағында да жағдай мәз емес. Жүзден аса көліктің «Айша бибі» бекетінде қаңтарылып тұрғанына тәулік болды. Түн ішінде құтқарушылар жеңіл көліктердің жолаушыларын қауіпсіз жерге көшірді.

Қайыржан Қайрамов, көлік жүргізушісі: «Биылдыққа мұндай ауа-райын бірінші рет көріп отырмын. Бір метр жердің өзі көрінбейді. Қар борап тұр. Көлігім жолда қалды, ертең шығаруға көмек береді. Онда ештеңе жасауға мүмкіндік жоқ. Өзімді бораннан алып шықты».

Құтқарушылар түн бойы жолды шолумен болды. Ондағысы төпеген боранда қалып қойғандарды табу. Ресми мәліметке жүгінсек, табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккендер жоқ. Ал жабылған жол бүгін ғана ашылып, жолаушылар сапарын жалғастыруға мүмкіндік алды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=7JR-ASETFsg[/youtube]