Түлкібаста боранға байланысты 1 келіншек ауылдық ауруханада босанды

54

Өткен тәулікте Түркістан облысында қар құрсауында қалған 300-ге жуық адам құтқарылды. Ал алыс аймақтардағы 9 жүкті әйел орталық ауруханаға тасымалданды. Оның екеуі толғағы басталып жолда қалып қойған. Ал састөбелік 1 келіншекті ауа райының қолайсыздығына байланысты ауылдық ауруханада дәрігерлер босандырып алды.

Өткен тәулікте Түркістан облысында боран үдеп, тағы да облыстық маңызы бар 3 жол жабылды. Ал қатты жел мен бұрқасын қардан орталыққа жете алмау қаупі төнген 9 жүкті әйел Түлкібас аудандық ауруханаға тасымалданды. Оның екеуі толғағы басталып, өз көліктерімен жолға шыққан. Алайда боранда қалып қойыпты. Ал бір әйел ауа райының қолайсыздығына байланысты Састөбе ауылдық ауруханасында босанды.

«Кемербастау округінен 2 жүкті әйел, Састөбе округінен 3 жүкті әйел, Керейіт округінен 2 әйел және Келтемашат округінен 2 әйел жеткізіліп, аурухананың перзентхана бөлімінің патология бөлімшесіне жатқызылды. Қазір аналардың жағдайы бірқалыпты. Алыс аймақтардың ішінде Састөбе округінде жүкті әйелдің толғағы келуіне байланысты сол аймақтағы ауруханаға жеткізілді. Тез арада дәрігерлердің шешім қабылдауымен келіншек 3 келі, бойы 47 см қыз босанды. Қазір ананың да баланың да денсаулығы жақсы» – дейді Түркібас аудандық орталық аурухана басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау ісі жөніндегі орынбасары Замира Өтегенова.

Ал кеше өңірде 300-ге жуық тұрғын қар құрсауынан құтқарылды. Оның 30-ы жас бала. Таулы аймақтарда адасқан азаматтарды құтқарушылар уақытша сол маңдағы ауылдарға орналастырып жатыр.

Талғат Досалиев Түркістан облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы: «Қауіпсіз аймаққа көшірілгендер Түлкібас ауданындағы Састөбе ауылдық, Жаскешу елді мекеніндегі мешіттерге, М. Әуезов атындағы университетке орналастырылды. Әлі аяз басылған жоқ. Облыс тұрғындарынан ұзақ жолға шықпауды сұранамыз»

Қазір 1 республикалық, 12 облыстық жол жабық тұр. Нақты мәліметті сапарға шықпас бұрын «Дәрмен» қосымшасынан қарап алуға мүмкіндік бар. Ал мамандар әзірге облыстың Шымкент қаласы мен Тараз облысына дейінгі жолдарға инертті заттар шашып жатыр.