Еңбекші аудандық әкімдігі қала күніне орай жариялаған «Үлгілі аула» байқауын қорытындылады. Сонымен тек ауласын абаттандырып қана қоймай, көпқабатты үйдің жертөлесіндегі тозығы жеткен құбырлардың бәрін жаңартып, темір есік орнатқан 17-шағынаудандағы №4 «А» үй үлгілі деп танылды. Жалпы, байқауға осы аудандағы 10 шағынауданнан 10 көпқабатты үй қатысқан.
Жеткен жетістіктерін айтып, алдағы жоспарларымен бөлісіп жүрген Надежда Прикажикова 15 жыл бойы осы №17 шағынаудандағы №4 а үйдің төрайымы болып, қоғамдық жұмысты атқарып келеді. 70 пәтері бар үйдің ауласы әбден тозып, ой-шұңқырға толғандықтан, аяқ алып жүру қиындап кеткен еді. Биылғы орамішілік жолдарды жөндеу бағдарламасына жергілікті басшыларға жиі жазған өтініштерінің арқасында ілініп, жолдары тегістеліпті. Оған қоса Еңбекші ауданында 18 үйдің ауласы жаңартылды.
Үй подъездеріндегі 7 есіктің төртеуі жаңартылып, электр үнемдегіш шамдар қойылды. Су арнасы мекемесінің басшылығымен келісіп, бір жылға бөлінген несиеге жертөледегі бүкіл су құбырлары жаңартылды, ендігі кезек жылу жүйелерінде.
Жасыратыны жоқ, бұл ауланы үлгілі деп айтуға әлі ертерек. Қурап, құлағалы тұрған ағаштарды бұтау қажет. Айналада қоқыс қалдықтары да жеткілікті. Тек, үй тұрғындарының ынтасы көңілге қуаныш ұялатады. Келген қонақтар да мұнда үлкен өзгерістердің болғанын байқапты. Мамандардың мәлімдеуінше, аудан бойынша қараусыз қалып, тозған аулалар әлі де баршылық. Бюджеттен бөлінген қаржыға балалар алаңшалары салынып, жолдар жөнделуде. Енді тұрғындар да жанашырлық танытулары тиіс. Себебі, пәтер жекеменшік болғанымен, үй баршаға ортақ.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Ff6PKFXE6zA[/youtube]