Шымкенттің әкімі Қайрат Молдасейітов шахардың ең қарт тұрғынымен құжатын бүгін ғана алған сәбидің ата-анасын құттықтады. Жай ғана тілек айтпай, тарту таралғысымен барды.
80 жылдан бері Оңтүстікке келін болып түскен Алпа Есжанованың жасы 103-те. Шымкентте 50 жылдан бері тұратын әже Ұлы Отан соғысы кезінде тылда еңбек еткен. Бұл күнде 2 баладан 12 немере мен 24 шөберенің ортасында отырған қария жақында шөпшек сүйіпті. Ардақты әжені әкімнің өзі қала күнімен құттықтап барды. Есіктен гүлін алып кірген қала басшысын бірден танып, шын жүректен өлең арнап, өзінің ілтипатын көрсетті. Ғасырдан ұзақ ғұмыр кешкен Алпа әженің көңілі әлі де жас. Отбасын шаттыққа бөлеп жүрген кейуанадан біз де бата сұрадық.
Алпа Есжанова, 103 жастағы қала тұрғыны: «Жақсылық көрінген жерге еңбек деп жет деген бар. Солай Шымкентке келдік, өстік, өңдік. Алла патшамызға ұзақ жас пен сабырлық берсін. Сендер де менің жасыма жетіңдер, құдай сендерге ұзақ жас берсін. Еліміз аман болсын».
Шымкенттің ең жас тұрғыны Мұхаммед Әбдірасыл перзентханадан бүгін
шықты. Үш күн бұрын дүниеге келген нәрестеге өміріндегі алғашқы құжаты салтанатты түрде тапсырылды. Дүние есігін енді ашқан Мұхаммед — әжесінің бірінші шөбересі. Қуанышты сәтке жиналған сәбидің туған-туыстарына қала әкімінің орынбасары игі тілегін жеткізді.
Бахадыр Нарымбетов, қала әкімінің орынбасары: «Біздің қаланың жас тұрғынының дені сау болсын. Ел үмітін ақтайтын,азамат болып ер жеткей. Жасы ұзақ болып, қаланың ең үлкен тұрғынындай 103-ке келсін, ауырмай өсе берсін».
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=oljahaS8Q8g[/youtube]