Биыл Шымкент қаласында 428 азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант алған. Бір жарым миллионға жуық қаржы иесі атанғандар көбінесе тігін цехын, кондитерлік, әсемдік салондарын ашқан. Дегенмен, грант иелерінің арасында ақшаны мақсатсыз жұмсағандар да бар. 2024 жылы мониторинг жұмысы нәтижесінде 36 адамның қаржыны басқа мақсатта пайдаланғаны анықталған.
Динара Мэлсқызы құс шаруашылығымен айналысады. Шетелдерден асыл тұқымды тауықтар әкеліп, тұқымын көбейтіп сатады. Арнайы аппарат арқылы ай сайын 2000-2500 дана жұмыртқа шығарады. Бала кезінен қызыққан кәсіп түрімен білек сыбана айналысу үшін мемлекеттік грант конкурсына қатысып, бір жарым миллион теңгеге жуық қаржы алған.
Динара Мэлсқызы, Шымкент қаласының тұрғыны: «Менде бройлер деген Чехиядан келетін порода бар, екінші Ломан Браун деген ресейлік тек жұмыртқа беретін тұқым. Екеуі де асыл тұқым болып табылады. 2 ай бұрын мен 2500 шөже шығардым, оның 1500 данасын көтерме бағамен саттым, жартысын ет күйінде саттым. Қалғаны осылар, келесі айда Чехиядан тапсырыс беріп қойдым. Үлкейтетін ойым бар».
Бұл асыл тұқымды тауықтар 2,5 келіден 7 келіге дейін ет береді. Олар арнайы дайындалған жеммен қоректенеді. Бірақ ебін тапса пайдасы да көл көсір дейді кәсіпкер. Ал тауықтар жұмыртқалаған соң, оларды арнайы аппаратқа салады.
Динара Мэлсқызы, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұл аппараттың көмегімен мен жұмыртқадан шөже шығарамын. 20-21 күнде балапан жұмыртқаны жарып шығады. Осы жұмыртқаларды салған соң бір аптадан кейін тексеремін, тамырлары көрінеді, қайсысы өседі дегендей».
Биыл Шымкентте 428 адам қайтармысыз грант иегері атанған. Мемлекеттен берілетін қаржыны алып, бизнесін бастауға 3500-ға жуық азамат өтінім білдіріпті. Олардың көбінесе тігін цехын, кондитерлік өнім дүкендерін, әсемдік салондарын ашуға қызығушылығы жоғары дейді мамандар.
Бағдат Архабаев, Шымкент қаласы «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры: «Азаматтар онлайн түрде Еnbek.kz порталы арқылы құжаттарын тапсырып болғаннан кейін, комиссияға ұсынылады. Комиссияның шешімімен ғана анықталады. Биыл 3500-ға жуық азамат мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қатысуға өтініш білдірді. Соның ішінде 428 азамат жеңімпаз болды. Мемлекеттік қайтарымсыз гранттың көлемі 400 АЕК дейін және азамат өзінің қорғаған бизнес жоспарына сәйкес келісімшартқа тұрамыз».
Қайтарымсыз грант иесі атанғандар әр үш ай сайын есеп тапсырады. Сондай-ақ, олардың жұмысын арнайы құрылған мониторинг тобы тексеріп отырады. Мәселен, осындай тексерулер нәтижесінде өткен жылы грант алған 452 адамның 138-і қаржысын мақсатсыз жұмсағаны анықталған. Сот арқылы олардың ақшасы қайтарылып жатыр. Ал биыл 36 адамның грант ақшасын мақсатсыз жұмсағаны белгілі болған.