Ел-жұрттың түрме деген сөзді естігенде денесі тітіркеніп, құйқасы шымырлап қоя беретіні бар. Солай болуы да заңдылық секілді. Шыны керек, бейбіт өмірде аяғын шалт басып, абақтыға тоғытылғандардың өмірінен бейхабармыз. Дегенмен, түрме қызметкерлері тарапынан әртүрлі қиянаттар жасалынады екен, ұрып-соғып, кейде қылмыскерлермен бірге сыбайластыққа дейін барады деген сөздерді жиі естиміз. Алайда, соңғы кездері еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінде біршама өзгерістер орын ала бастағанын айту керек.
Әділет министрлігіне қарайтын қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жуықта Ішкі істер министрлігінің құрамына кірді. Түрме өмірі біреуге қызық, біреуге сұмдық. Десек те темір тордың арғы шетіндегі қыж-қыж қайнаған тіршілікпен танысу көптен бері ойымда жүрген еді. Таяуда ойда-жоқта тар қапастағы тіршілікке үңілудің сәті түсті. Осылайша қалаға жапсарлас қоныс тепкен ИЧ-167/10 қоныс колониясындағы «құпия» тіршілікке қанығып қайттық. Темірмен қоршалған суық «үйге» кірудің де машақаты көп екен. Әуелі қақпа күзетшісі бас аяғымызды сүзіп шыққаннан кейін, ұялы телефонымыздың «үнін» өшіріп, өзінде қалдырды. Алғаш аяқ басып тұрғаннан кейін бе, кібіртіктеп, ішке ене алмай тұрғанымда түрме бастығының орынбасары өзі бастап жүрді. Содан абақты басшысының кабинетіне сау етіп кіріп бардық. Келген мән-жайымызды түсінген мекеме бастығы Серікбай Дүйсенов ақтарыла сөйледі. Серікбай Есенгелдіұлының айтуынша, колонияда 270 сотталушы жазасын өтеуде екен. 95%-ның тұрақты жұмысы да бар көрінеді. «Біздің мекемеде барлық қылмыс санаттары бойынша жазасын өтеушілер бар. Әрқайсысының тағдыры әр қилы. Әрине, темір тормен қауышқандарына өкінетіндер жетерлік.
Олар мұнда құр отырмай, тұрақты жұмыс істеп, нәпақа да табады. Тапқан тиын-тебендерін банк арқылы отбасына үлестіріп отырады», – дейді С. ДҮЙСЕНОВ (суретте). Жас та болса алғырлығымен, білім-біліктілігімен көзге түскен басшы сотталған азаматтарды әсіресе қоғамдық іс-шараларға етене араластыратындарын айтады. Оның айтуынша, мекемеде түрлі қоғамдық -мәдени іс-шаралар, бұқаралық спортты насихаттау жұмыстарына ерекше мән беріледі. Ұққанымыздай, жақында облыстың 80 жылдығына орай сотталған азаматшалар арасында бәсірелі сайыс өтіпті. «Батыр туса – ел ырысы» атты мәдени іс — шарада арулар бір сәт қайғы-мұңынан арылып, ән мен жырды төгілткен екен.
Қызықты һәм тартысқа толы бәсекені тамашалауға облыстық мәслихаттың депутаты Өмірзақ Мелдеханов, Рәшкүл Оспанәлиева, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлмира Тағаева, мәдениет басқармасының бастығы Күлия Айдарбекова сынды билік тізгінін ұстағандар қатысқан. Тар қапаста зиялы қауым өкілдері, газет-жорналға құмар жандар да күн кешіп жатыр. Қазбалап сұрастырғанымызда, көкейі шерге толған пенделер бір сәт кітапханада «Оңтүстік Қазақстан», «Шымкент келбеті», «Оңтүстік Рабат» газеттерін оқып, облыстың өмірінен хабардар болатындығын білдік. Қоныс колониясының «тұрғындары» салауатты өмір салтын насихаттауға да құштар.
Тәрбие бөлімінің бастығы Қаһраман Әбубәкіровтің айтуына қарағанда, мекемеде ұдайы кіші футбол, үстел теннисі, шахмат, дойбы һәм арқан тарту ойындарынан спартакиада өткізіліп тұрады. Сотталған азаматтардың жыл басында топан судан теперіш көрген Темірлан елді мекенінің тұрғындарына хал-қадірінше көмек қолын созғанын біреу білсе, біреу білмес. Мінеки, жазасын өтеушілер де қайнаған өмірдің қызығынан қалыс қалып жүрген жоқ екен. Әттеген-айы, олар біз секілді еркіндікте емес, тар қапаста күн кешуге мәжбүр.